Accessibility links

Пәкістан діндарлары медбикелерді өлтіргендерді айыптады


Пәкістандық медбике баланың аузына полиомелитке қарсы дәрі тамызып жатыр. Пешавар, 19 желтоқсан 2012 жыл.

Пәкістандық медбике баланың аузына полиомелитке қарсы дәрі тамызып жатыр. Пешавар, 19 желтоқсан 2012 жыл.

Пәкістанның ықпалды мұсылман діни жетекшілері жұма күні полиомиелит ауыруына қарсы егу жұмыстарын жүргізіп жүрген медбикелерді өлтіріп кетуге қарсы халықты жаппай наразылық танытуға шақырды.

Пәкістан үлемдер кеңесінің басшысы Тахир Ашрафи елдегі 24 мың мешітте жұма намазы кезінде дәрігерлерді өлтіруге қарсы уағыз жүргізетінін айтады.

Оның сөзіне қарағанда, "Дәрігерлер адамдар мен исламға пайдалы жұмыс істеп жатқандықтан Пәкістан заңдары да, ислам қағидалары да мұндай қастандықты қолдамайды".

Тахир Ашрафи Пәкістанның жетекші мұсылман топтары полиомелитке қарсы егу жұмыстарын қолдайтын пәтуа шығарғанын да айтты. "Полиомелитке қарсы егу исламға жат деп жүргендердің өздері исламға қарсы" дейді ол.

Экстремистік топтар Пәкістанда осы аптада полиомелитке қарсы егу жұмыстарын жасап жүрген тоғыз медбикені өлтіріп кеткен еді. Олар үкіметті осы әрекеттері арқылы егу науқанын тоқтатуға итермелегісі келеді.

Пәкістандағы талиб жасақтары БҰҰ-ның вакцина егу әрекетін айыптаған еді. Талибтер қоқан-лоқысының кесірінен Пәкістанның солтүстік-батыс аймағы мен Ауғанстанның осы елмен шекара аймақтарындағы егу жұмыстары тоқтап қалған.

БҰҰ дерегі бойынша, Пәкістан, Нигерия және Ауғанстанда полиомиелит ауруы ең көп тараған.
XS
SM
MD
LG