Accessibility links

Қытаймен шекарада жаңа темір жол өткелі ашылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Қазақстан мен Қытай арасында екінші темір жол шекаралық өткелінде пойыз қозғалысы басталды деп хабарлады бүгін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы.

Компанияның ресми сайтында жарияланған ақпаратта Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жаңадан іске қосылған Алтынкөл (Қазақстан) – Қорғас (Қытай) темір жол өткелі арқылы бүгіннен бастап алғашқы халықаралық контейнерлік пойыз қозғалысы ашылғаны айтылған.

Қазақстанның көліктік логистикалық әлеуетін арттырып, құрлықтық жүк тасымалдау бағдарын кеңейтуге мүмкіндік беретін Алтынкөл-Қорғас темір жол өткелінің құрамдас бөлігі – Жетіген-Алтынкөл темір жол желісінің ұзындығы 293 шақырымды құрайды. Желі бойынан 5 станция, 9 жол айырығы ашылып, 260 қызметтік-техникалық, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үйлер салынған және жоба пайдалануға берілгенде 2055 адам жұмыспен қамтылатын болады деп хабарланды.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Маминнің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 25 млрд. долларға жетіп отыр.

Бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасын Достық (Қазақстан) – Алашаңқай (Қытай) темір жол өткелі жалғастырып келген. 1991 жылы пайдалануға берілгеннен бері бұл жолмен 156 млн. тонна жүк тасымалданған.
XS
SM
MD
LG