Accessibility links

Ұшақ құрбандарының туыстары 9 мәйітті таныған


Апатқа ұшыраған "Ан-72" әскери ұшағының қалдығы. Шымкент, 26 желтоқсан 2012 жыл.

Апатқа ұшыраған "Ан-72" әскери ұшағының қалдығы. Шымкент, 26 желтоқсан 2012 жыл.

Шымкент маңында құлаған ұшақта қаза тапқан 27 адамның тоғызының денесі кімдікі екені анықталды деп хабарлады бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін Астанада өткен брифингте.

"Қазір қаза тапқан подполковниктер А.Айтманбетов, С.Досыбеков, А.Шуканов, Вячеслав Рахман, майорлар А.Ибраев, О.Голубев, аға сержант М.Қонақбай, сержант Г.Доланбаева және П.Вязиковті туыстары таныды" деді Сүйіндіков.

Оның айтуынша, қазір оқиға орнын тексеру аяқталған, енді зақымданған мәйіттерді тану, гендік сараптама жүргізу жұмыстары жүріп жатыр.

Сүйіндіков бұған қоса ұшақтың апатқа ұшырау себептерін анықтау үшін Украинаның "Укрспецэкспорт" мекемесі мен "Украина" авиациялық жөндеу заводынан жеті маман келгенін де айтты.

Апатқа егжей-тегжейлі зерттеу жүргізу үшін қорғаныс министрлігі, ішкі істер органдары, әділет және денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары мен криминалистері шақырылған.

25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің "Ан-72" әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адам түгел қаза тапқан еді. Олардың арасында шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.
XS
SM
MD
LG