Accessibility links

Пәкістан «Талибан» мүшелерін түрмеден босатпақшы


Абдул Ғани Барадар.
Абдул Ғани Барадар.
Пәкістан билігі ауғанстандық «Талибан» қозғалысыне мүше деген айыппен түрмеде отырғандарды түгелдей шығармақшы. Бұл туралы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Даби қаласында өткен баспасөз мәслихатында Пәкістанның халықаралық істер жөніндегі хатшысы Джалил Жилани мәлімдеді.

Ол бұндай шара Ауғанстандағы ұлттық келісімге қол жеткізу мақсатында жасалып отырғанын айтты. Бостандыққа шығатындардың арасында «Талибан» қозғалысындағы екінші адам саналатын Абдул Ғани Барадар молда да бар.

Ауғанстанның Әбу-Дабидегі елшісі Нажиболла Мужадеди Азаттық радиосына берген сұқбатында, ресми Исламабадтың бұл қадамын құптайтындығын айтып, Пәкістан билігінен түрмеден босап шығатындарды Ауғанстанға жеткізуге жәрдемдесуін сұраған.

Ресми Кабул «Талибан» қозғалысымен Ауғанстандағы бейбіт келісімдер жүргізу үшін Барадарды бостандыққа шығару қажеттігін бұрыннан айтып келген еді. Ауғанстан билігі елден шетелдік әскер күші шығарылғанға дейін «Талибан» қозғалысымен бейбіт келісім бекітуге мүдделі.

НАТО әскері Ауғанстаннан 2014 жылдың соңында кетеді деп жоспарланған.
XS
SM
MD
LG