Accessibility links

Қайрат Лама Шариф: 150-дей діни кітап таратуға жатпайды


Қазақстанның дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Астана, 29 қыркүйек 2011 ж.
Қазақстанның дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Астана, 29 қыркүйек 2011 ж.
Қазақстанның дін істері агенттігі қызметіне кіріскелі бері 3,5 мың діни әдебиетті сараптамадан өткізіп, діни тақырыптағы 150-ге жуық кітапты таратуға жатпайды деп тану туралы шешім шығарған. Бұл туралы жұма күні BNews.kz сайты өткізген онлайн-конференцияда осы агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф мәлімдеді.

Оның айтуынша, зерттеу барысында адам құқығын, сөз еркіндігі мен діни сенім бостандығын шектемеу, конфессияларды бір біріне қарсы қоюға жол бермеу сияқты факторлар ескерілген.

«Сараптама қорытындысы бойынша біз теріс баға берген кітап барлық дүкендерден алынады. Біздің сайтымызда сараптамадан оң баға алған кітаптар туралы ақпарат бар, кез келген оқырман оларды қорықпай сатып алуына болады. Осы кезең ішінде біз 148 кітаптың таратылуына тоқтау салдық» деген Лама Шариф.

Шенеунік сараптама қорытындысы сотқа тапсырылатындығын, әлгіндей кітаптарға толық тыйым салу туралы шешімді сот қабылдайтындығын айтты.

Сонымен бірге Лама Шариф қазіргі уақытта дін істері агенттігі экстремистік бағыттағы интернет-сайттарына тыйым салуды мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мәдениет және ақпарат министрлігі, көлік және коммуникация министрлігімен, өзге де мекемелермен бірлесіп діни агенттік зорлық-зомбылыққа, жиһадқа шақыратын және жарылғыш заттар дайындауға арналған сайттарды жабу туралы ұсыныс енгізетін болады деді Лама Шариф.
XS
SM
MD
LG