Accessibility links

Венесуэлада ақша девальвациясы жасалынды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Венесуэла үкіметі елде ақша девальвациясын жүргізген соң ұлттық валюта - боливардың құны 46,5 пайызға кеміді. Бұл туралы елдің қаржы министрі Хорхе Джордани мәлімдеген.

Девальвацияға дейін 1 АҚШ доллары 4,3 боливар тұрған болса, енді ақпанның 13-нен бастап ол 6,3 боливар болмақ. Үкімет бұл шешім экспорттың бағасын арзандатып, көлемін ұлғайтуға септігін тигізеді деп үміттенеді.

Алайда сонымен бірге инфляцияны да күшейтуі мүмкін деп ескертеді мамандар. Венесуэлада "қара базарда" доллардың айырбас бағасы ресми белгіленген мөлшерден кемінде екі есе қымбат тұрады.

Билік өкілдері ұлттық ақшаны девальвациялау туралы тапсырманы ел президенті Уго Чавестің бергені туралы айтып отыр. Венесуэланы 1999 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Чавестің өзі былтыр желтоқсан айында рак дертінен емделу үшін кезекті рет Кубаға кеткелі бері жұртшылыққа көрінген емес.

Бұған дейін Венесуэлада ақша девальвациясы 2010 жылы жүргізілген еді.
XS
SM
MD
LG