Accessibility links

Джон Керри Иранды "дұрыс таңдау" жасауға шақырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Вашингтон, 8 ақпан 2013 ж.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Вашингтон, 8 ақпан 2013 ж.
Жұма күні АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіндегі алғашқы баспасөз мәслихатында Джон Керри батыс елдері мен Иран арасындағы қарым-қатынастардың болашағы ресми Тегеранның "қандай таңдау жасайтындығына байланысты" екендігін атап көрсетті.

Егер Иран ядролық бағдарламаға қатысты бейбіт ниет танытып, қадам жасайтын болса халықаралық қауымдастық әріптестікке дайын, ал егер керісінше болып жатса, Иран өзге елдер тарапынан бұрынғыдан да қатаң оқшаулауға тап болады деп ескертті Керри.

Ақпанның 26-сы күні Алматыда Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздің кезекті раунды өткізілмек. Оған Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесі - АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Ресей мен Франция, сондай-ақ Германия және Иранның ресми өкілдері қатысады.

Былтыр Иран мен жоғарыдағы «алтылық» өкілдерінің Түркияда, Ирақта және Ресейде осы мәселе бойынша өткізген келіссөздері айтарлықтай нәтиже берген жоқ.

АҚШ және өзге де батыс елдері Иранның ядролық бағдарламасы жойқын қару жасауға арналған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Иран болса бұл бағдарлама тек қана бейбіт мақсатты көздейді деген уәж айтумен келеді.
XS
SM
MD
LG