Accessibility links

Астана-Бурабай жолында көліктер тұрып қалған


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Ақмола облысында қар құрсауынан жолда тұрып қалған 700-ден астам адамға жәрдем көрсетілді деп хабарлайды «Қазақстан жаңалықтары» агенттігі.

Бүгін облыстық ішкі істер департаменті берген ақпарат бойынша, наурыздың 1-і күні Бурабай курортының маңында 500 автокөлікте 700-дей адам қар басқан жолдың бойында тұрып қалған. Жергілікті билік орындары оларға ыстық тамақ беруді ұйымдастырып, 70 бала мен әйелді жол бойындағы кафелерге жеткізген.

Астана-Бурабай жолын қардан тазалауға 27 арнайы машина шыққанымен, қарлы боран күрелген жолды лезде қайта жауып, жұмысқа қиындық туғызған. Техника әзер дегенде жолдың бір жақ бөлігін қардан тазартқан соң жол полициясы 200 автокөлікті бастап алып жүріп, сенбінің түнінде Астанаға жеткізген деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Наурыздың 2-і күні ауа-райының қолайсыздығына байланысты Шығыс Қазақстан облысында да бірқатар автокөлік жолдары жабылды деп хабарлайды «Қазақстан жаңалықтары» агенттігі.
XS
SM
MD
LG