Accessibility links

АҚШ: Максим Кузьминнің өлімі туралы сараптама шықты


АҚШ-та қаза тапқан Макс Шатто (Максим Кузьмин).

АҚШ-та қаза тапқан Макс Шатто (Максим Кузьмин).

АҚШ-тың Техас штатының билігі америкалық отбасы Ресейден асырап алған үш жасар Макс Шаттоның (Максим Кузьмин) өліміне оқыс жағдай себеп болған деген ресми мәлімдеме жасады.

Аймақтық прокуратураның өкілі Бобби Бланд баланың сүйегіне сараптама жасаған төрт дәрігердің әлгіндей ортақ қорытынды шығарғанын айтты. Ал баланың денесіндегі көгерген дақтарды оның «мінез-құлқы бұзылған» кезінде өзін өзі ұстай алмауының салдарынан болған деп түсіндірген дәрігерлер.

Бобби Бланд баланың ажалына ішінде қан тамырының жарылып кетуі себеп болғанын, баладан алынған қан құрамынан ешқандай дәрінің ізі табылмағандығын айтты.

Прокуратура өкілі баланың өліміне байланысты жаңадан айыптар тағылуы мүмкін екендігін де жоққа шығармады.

Есімін Макс Шатто деп өзгерткен ресейлік Максим Кузьмин атты бала өзін асырап алған америкалық ата-анасының Техастағы үйінде қаңтардың 21-і күні қаза тапты. Оның өлімі АҚШ-Ресей арасындағы бала асырап алу мәселесінің алдыңғы қатарға шығуына себеп болды. Ресей президенті жанындағы бала құқығы жөніндегі уәкіл Павел Астахов Шаттоны асырап алған ата-анасы оған психотроптық дәрілер берген деп айыптаған еді.
XS
SM
MD
LG