Accessibility links

Есептегіші жоқтар үшін су төрт есе қымбаттайды


Су тасып жүрген қарт. Теміртау, 20 желтоқсан 2012 жыл.
Су тасып жүрген қарт. Теміртау, 20 желтоқсан 2012 жыл.

Теміртаулықтар енді үйлеріне су есептегіш құрал орнатулары тиіс, әйтпесе суық су ақысын қымбат тариф бойынша төлейді. Тұрғындардың бұған қатысты пікірі әртүрлі.

Табиғи монополияны реттеу агенттігінің Қарағанды облысындағы департаменті «Қарағанды Су» компаниясының тарифті төрт есе өсіру туралы өтінішін қанағаттандырды.

ТӨРТ ЕСЕ

Теміртаудағы «Оқжетпес» кәсіпорны суды осы «Қарағанды Су» компаниясынан сатып алады. «Оқжетпес» таратқан ақпарат бойынша, есептегіш құралы жоқ тұрғындар 2013 жылғы шілденің 1-інен бастап суық су үшін жан басына қазіргі 318 теңгенің (екі доллар шамасында) орнына айына 1 мың 278 теңге (сегіз долларға жуық) төлейтін болады. Егер есептегіш құрал орнатса, судың бір текше метрі 300 теңге, яғни жаңа тарифпен салыстырғанда төрт есе арзан болмақ. «Оқжетпес» коммуналдық кәсіпорны қызметкерлері:
Су құбыры. (Көрнекі сурет)
Су құбыры. (Көрнекі сурет)

- Тұрғындарды есептегіш құрал орнатуға ынталандыру үшін оны орнатқан тұрғындарға су тарифі төмен болады. Есептегішті жаңа тариф енгізілгенге дейін орнатуды сұраймыз. Суық суды есептейтін құралды тұрғындардың өздері немесе мамандардың орнатуына болады, - деп хабарлады.

«Оқжетпес» кәсіпорнының мамандары тұрғындарға есептегіш құралға қосымша сүзгі мен кері қақпақ орнатуға кеңес береді: бақылаушы есептегішті бұл аспаптарсыз қабылдамауы мүмкін. Сантехника орнату және су құбырларын тарту, жөндеумен айналысатын бірнеше қалалық фирмада есептегіш құралдарды тексеру, жөндеу және құрастыру лицензиясы бар.

ҚАР ЕРІТУ ЖӘНЕ СЫЗДЫҚТАҒАН СУ

Тұрғындар суық судың тарифі Теміртауда мұншалық күрт қымбаттамағанына көп болғанын, коммуналдық қызметтің басқа түрлерінің тарифтері жақында өскені көптеген отбасы бюджетіне ауыр салмақ салғанын айтады.

Суды көп жұмсайтындықтан, есептегіш құрал орнату өзі үшін тиімсіз болатынын айтқан теміртаулық тұрғын Ольга Тимофеева:

- Мысалы менің ескі кір жуғыш машинама су көп керек. Ал мына құралмен суды қатты үнемдеуге тура келеді. Есептегіш орнатқан кейбір қарт адамдар үнемдеу үшін құбыр суын пайдаланбай, қыста шелекке қар толтырып әкеліп, ерітіп пайдаланады дегенді де естідім. Өз басым мұны дұрыс емес деп есептеймін. Көпшілік тұрғындар әлгі құралдарды орнату үшін құбырды басқаша жүргізіп, жөндеп дегендей, қосымша шығынға батады. Айтпақшы, су есептеу құралын орнатқан соң, тарифтердің тағы көтерілмесіне кім кепілдік береді? Өз басым есептегіш орнатпай, әлгі 1 мың 287 теңгені төлеп отырғаным әлдеқайда дұрыс деп есептеймін, - дейді Ольга Тимофеева.
Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Су есептегіш құрал орнатуға шақырған үндеуге теміртаулықтардың көзқарасы әрқилы. Есептегіш құрал сатып алу үшін бірден дүкенге жүгірген тұрғындар да бар. Дүкен сөрелерінде бұл тауардың өтпей жатқанына біраз болыпты. Көптеген тұрғындар енді олар қымбаттауы мүмкін дейді. Соңғы жаңалыққа байланысты дүрбелең туғанын сатушылар да айтты.

Есептегіш құралды өткен жылы орнатқандардың айтуынша, үнем көлемі бірден білінбейді. Теміртау тұрғыны Динара Асқарованың айтуынша, ол суық су мен ыстық судың есептегіш құралдарын 6 мың 500 теңгеге (45 долларға жуық) орнатқан.

— Ұлым екеуміз күні бойы үйде болмаймыз да, суды аз жұмсаймыз. Бірақ құбырмен келетін су, әсіресе ыстық су лас болғандықтан, біраз ағызып тұруға тура келеді. Ваннада да ұзақ жата алмайсың, көбінесе душқа түсесің. Бірақ бір байқағаным, суды сыздықтатып ағызсаң, есептегіш аз айналады екен. Төлейтін ақшасын ойлап, амалсыз үнемдейсің. Айтпақшы, есептегіш құралы бар тұрғындар үшін де тарифтер өсетінін естідік. Коммуналдық қызметтердің барлығы қымбаттады, ал жалақымыз өспейді, - дейді Динара Асқарова.

Алайда мамандар суды орнымен пайдаланған тұрғындар 30 пайызға үнем жасайтынын ескертеді.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ НЕМІС ЕЛІНЕН ӘКЕЛГЕН ӘСЕРЛЕРІ

Теміртаудағы «Отражение» қоғамдық экологиялық ұйымының төрайымы Елена Варганованың пікірінше, есептегіш құрал тиімділігін экономикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық тұрғыдан да қарастырған жөн.
Теміртаудағы «Отражение» қоғамдық экологиялық ұйымының төрайымы Елена Варганова. Теміртау, 2010 жылдың наурызы.
Теміртаудағы «Отражение» қоғамдық экологиялық ұйымының төрайымы Елена Варганова. Теміртау, 2010 жылдың наурызы.

- Өз басым есептегіштің үнемдеуге себі тиеді деп есептеймін. Тұрғындарды бір қинайтыны - судың сапасы. Егер судың сапасы нашар болса, есептегіш құралдары да бұзылады ғой, - дейді Елена Варганова.

«Бұл шаруаның қалтаңдағы ақша мен су қорын үнемдеу сияқты тиімді жақтары көп, күллі әлем есептегіш құрал пайдаланады» деген эколог:

- Егер ыстық суға да есептегіш орнатып, жылу радиаторындағы температураны реттейтін аспап болса, тіпті жақсы болар еді. Өкінішке орай, тұтынушыларға ұсынатын дүниелердің көбі біздің көңілімізден шықпайды. Осыған байланысты көпшіліктің ойында баға өскенімен, сапа жақсармайды деген пікір қалыптасады. Жұрттың көбі қалтасын ойлап қана есептегіш орнатады, - дейді Варганова.

Оның айтуынша, анасы пәтеріне есептегіш орнатып, оның үнемдеуге көмегі бар екенін көрген соң, риза болған. Варганова «бірақ қарттарымыз онсыз да үнемшіл ғой» дейді.

- Ол кісі суды бұрынғысынша пайдаланады. Тек қанша жұмсағанын ғана есептегіштен біліп отырады, - дейді Елена Варганова.

Ал өзі әзірше есептегіш құралды орнатпағанын, бірақ ойында бар екенін айтты.

«Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің су үнемдеуге қатысты сөзі өткен аптада әлеуметтік желілерде пікірталас туғызды.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің суды үнемдеу туралы айтқан сөздеріне салынған карикатура. Авторы - Ғалым Смағұл. Алматы, 7 наурыз 2012 жыл.
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің суды үнемдеу туралы айтқан сөздеріне салынған карикатура. Авторы - Ғалым Смағұл. Алматы, 7 наурыз 2012 жыл.

«Коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі халықты үнемдеуге үйретеді» деген ол былай деді: «Мен Германияда оқыдым. Ол жақта мынадай оқиғалар болады: коммуналдық қызмет өкілдері коммуналдық қызметке болмашы ақша төлеген үйдің иесі қайтыс болған шығар деп іздеп келсе, ол үйде барынша үнемшіл әжей тұрып жатқан болып шығады. Әлгі әжей ыдыс жуған суына еден жуып алады, балаларын шомылдырған суға өзі жуынады. Ол жақтың жұрты осылай үнемдейді».

«Нұр Отан» партиясының жаңадан тағайындалған жас жетекшісінің бұл сөздері жұрт арасында ащы мысқылдан бастап, уақыт талабы мен су, жарық, жылудың қымбаттауына қарай сананы да өзгертуге шақырған үндеулердің айтылуына түрткі болды.
XS
SM
MD
LG