Accessibility links

Алматылықтар суды тазартып ішуге мәжбүр


Краннан су алып жатқан адам. Aлматы. 15 наурыз, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Краннан су алып жатқан адам. Aлматы. 15 наурыз, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауыз су сапасына күмәнмен қарайтын алматылықтар тазартқыш - фильтрлер сатып алады. Тазартқыш құралдардың базардағы бағасы да әртүрлі.

Мамандар жыл сайын олардың саны 25-30 пайызға артып келеді дейді.

ҚЫМБАТ ЖӘНЕ АРЗАН ФИЛЬТРЛЕР

Алматы тұрғыны Мәдина Ерболқызы жарты жыл бұрын фильтрді «екі баласының денсаулығы үшін алғанын» айтады.

- Біз қаланың ортасындағы ауданда тұрамыз. Күнделікті тұтынып отырған суымыздың сапасы жайлы ешқашан ойлаған емеспіз. Алайда бірнеше ай бұрын желілік маркетингпен айналысатындар келіп, суымыздың сапасын тексеріп, оның сын көтермейтінін көрсетіп кетті. Өздерімен бірнеше сатылы су тазартқыш
Cубұрқақтан су ішіп тұрған бала. (Көрнекі сурет)
Cубұрқақтан су ішіп тұрған бала. (Көрнекі сурет)
фильтрді көтеріп келген жігіттер 2000 долларға жуық қаржыға оны орнатып беретіндерін айтты. Бізде ондай ақша болмағандықтан, бас тартуға тура келді, - деді Мәдина.

Дегенмен сұхбаттасымыз суды тазартудың басқа жолын тапқан.

- Мен интернеттен іздеп құмыра-фильтрлер бар екенін білдім. Бағасы да қымбат емес, 3-4 мың теңге. Соны алып, қазір пайдаланып отырмыз. Судың дәмі жұмсарып, көзге көрінбейтін бактериялардан аз да болса құтылдық деп ойлаймын. Үйде кішкентай балаларым болғандықтан, маған олардың денсаулығы маңыздырақ, - дейді Мәдина Ерболқызы.

Ал Жақсылық Аманұлы су тазалығына аса мән бермейтінін білдірді.

- Денсаулық бар кезде не ішіп, не жеп жатқанымызға мән бермейміз. Таза суды бүйрегің сыр бергенде іздейсің. Алматыдағы су Қазақстан бойынша таза делінгенімен, мұндағы құбырлар ескірген, сондықтан оның сапасы қалай екені белгісіз, - деді сұхбаттасымыз.

ҚАЛАҒА "КІРЕТІН СУ" МЕН ПӘТЕРГЕ "КЕЛЕТІН СУ"

Алматыда ауыз суға арналған фильтрлерді сататын компания жетекшісі Виктор Григорьев те «судың сапасына 9 жыл бұрын ғана мән берген».

- 9 жыл бұрын кішкентай қызымыз дүниеге келді. Біздің тұратын ауданның суы – кермек татып тұрады және хлормен жиі тазартылады. Сондықтан, алдымен
Дүкен сөрелеріндегі құмыра-фильтрлер. Aлматы. 12 наурыз, 2013 жыл.
Дүкен сөрелеріндегі құмыра-фильтрлер. Aлматы. 12 наурыз, 2013 жыл.
тұтынушы ретінде фильтрлерді өзімше зерттеп көрдім, кейін көзім жетіп, бұл мәселенің маңызды екенін түсініп, компания аштым, - деді ол.

Оның сөзінше, «ең қымбат фильтр – ең мықты тазартқыш емес». Әр адам өз ауданындағы судың ластануына қарай фильтр алғаны жөн.

- Алматыдағы су Қазақстан бойынша таза деп есептелінеді. Дегенмен, осы салада жүрген адам ретінде сізге бірнеше мәселені айтайын. Біріншіден, Алматыға су 8 су көзі арқылы келеді. Оның төртеуіндегі судың тұзы көп. Алматының орталық аудандарында судың сапасы айтарлықтай жақсы болғанымен, шет жақта олай емес. Оның үстіне біздегі ондаған жылдар бұрын салынған темір құбырлардың да сапасы сын көтермейді. Сондықтан қалаға «кіретін» суды сіздің пәтеріңізге «келетін» сумен салыстыруға болмайды, - дейді Виктор.

ТАҢДАУ

Қарапайым 2-3 сатылы су тазалайтын құрылғы шамамен 200-250 доллар тұрады. Бірінші сатыда – су механикалық тұрғыда, екінші сатысында – белсенді көмірсутегімен, үшінші сатыда – ион алмасқан шайырмен немесе сығымдалып байытылған күміспен тазартылады. Бұдан бөлек тазартқыш фильтрлердің 4 және 5 сатылысы да бар. Төртінші сатысында су – қайырмалы осмос арқылы тазартылса, 5-сатыда – көмірқышқылды постфильтр арқылы сүзіледі.

Дүкендегі арнайы құралдан тазартылған су алып тұрған тұрғын. Aлматы. 12 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет).
Дүкендегі арнайы құралдан тазартылған су алып тұрған тұрғын. Aлматы. 12 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет).
- Қазір тұрғын үйлерге орнатылып жатқан ең қымбат фильтрлердің бағасы 500 доллардан аспайды. Дегенмен тұрғындардың су сапасы жайлы көп білмейтіндігі мен сауатсыздығынан желілі маркетинг пайда тауып отыр. Олардағы фильтрлердің бағасы 2-3 мың долларға шығып кетеді, - дейді Виктор Григорьев.

Алматыдағы ірі техника сататын дүкендер желісінің өкілі Александр Безустің сөзінше, жыл сайын фильтр сатып алушылар саны өсіп келе жатыр.

- Фильтрге деген сұраныс жыл сайын 25-30 пайызға көбейіп келеді. Әсіресе аймақтарда сұраныс көп. Әр аймақтағы судың сапасы әртүрлі ғой. Мәселен, Ақтауда Алматыға қарағанда сатып алушылар өте көп. Ең арзан тазартқыш - құмыра-фильтр. Бағасы 1900 теңгеден 5000 теңгеге дейін, - дейді Александр.

Азаттық тілшісі Алматыдағы ірі сауда орнының біріндегі тұрмыстық техника сататын дүкенге барып қайтты. Ондағы атын атамауды өтінген консультанттардың бірі «құмыра-фильтрлер – соңғы мереке күндерінің басты сыйлығы болғанын» айтады. Оның сөзінше, фильтрлер тез өтіп кететіндіктен апта сайын қоймаға тапсырыс беруге мәжбүр екен.
XS
SM
MD
LG