Accessibility links

Германия Ресейде ҮЕҰ кеңселерін тінтуге наразы


Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле.

Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле.

Германияның сыртқы істер министрлігі Ресейдегі үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ), оның ішінде неміс ұйымдарына жасап жатқан тінтулерге қатысты алаңдаушылық білдірді. Берлинде ресейлік дипломаттармен кездескен Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле Ресей құқық қорғау органдарының әрекетіне алаңдайтынын айтқан.

Неміс ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Вестервелле "неміс қорларының жұмысына кедергі келтіру екіжақты қарым-қатынастарға зардабын тигізуі мүмкін екенін" ескерткен.

Соңғы күндері Ресейде қызмет ететін Батыс елдері мен ресейлік 100-ге тарта үкіметтік емес ұйымның кеңселеріне тінту, тексеріс жасалған еді. Олардың арасында немістің Конрад Аденауэр қоры мен Фридрих Эберт қоры да бар.

Құқық қорғау органдары тінтудегі мақсат - ұйымдардың "Ресей заңдарына сай жұмыс істеп жатқанын тексеру" болғанын айтады. Бірақ ҮЕҰ өкілдері тексерісті қуғындаудың бір түрі деп бағалап отыр.
XS
SM
MD
LG