Accessibility links

Каримовтың денсаулығы туралы болжам көбейді


Ислам Каримов Наурыз мейрамында билеп тұр.
Ислам Каримов Наурыз мейрамында билеп тұр.

Өзбекстан президенті біраз уақыт көпшілік алдына шықпай кеткен соң инфаркт туралы сыбыс ауа жайылды. Өзбек сенаторларының бірі "Каримов 150 жыл өмір сүрсе" деп тілейді.

Өзбекстанның 75 жастағы саяси жетекшісі Ислам Каримов соңғы рет халық ортасында наурыздың 19-ы күні бой көрсеткен. Жергілікті телеарнада оның Наурызды тойлап жатқан ташкенттіктермен бірге билеп жүргені байқалған еді.

Содан бері Каримов мүлдем көрінбей кетті. Осыған байланысты "наурыз биден соң өзбек президентінің жүрегі ұстап қалыпты" деген өсек-аяң күшейе түсті.

Сырттағы өзбек оппозициясының жетекшілері бұл сыбысты одан сайын күшейтті. Солардың бірі Өзбекстан халық қозғалысының жетекшісі Мухаммад Салих бұл хабарды Ташкенттегі билікке жақын дерек көзінен алғанын айтты.

РАСТАУ МЕН ЖОҚҚА ШЫҒАРУ

Салих Азаттықтың Өзбек қызметіне сейсенбі күні:

- Мен бұл хабарға 100 пайыз сенемін. Наурыз мейрамынан соң Каримовтың жүрегі ұстап қалғаны және қазір дәрігерлердің қарауында екені туралы хабарды әртүрлі үш дерек көзі растады. Оның емделіп жатқаны және жағдайының жақсарғаны туралы естідік. Каримов сауығып кетуі де мүмкін, бірақ инфаркт алғанын енді жасыра алмайды, - деді.

"Республика" вебсайты бұл сыбысты ұлғайта түсіп, Каримовтың қызы Гүлнараның "күтпеген жерден Швейцариядан Өзбекстанға қайтып оралғаны" туралы жазды. Ал K+ телеарнасы Өзбекстаннан "Каримовтың қатты инфаркт алып, ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат алғанын" хабарлады.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовты қабылдады. Ташкент, 27 наурыз 2013 жыл. Uzbekistan телеарнасынан алынған скриншот.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовты қабылдады. Ташкент, 27 наурыз 2013 жыл. Uzbekistan телеарнасынан алынған скриншот.
Ташкенттегі ресми билік өкілдері өте сақ жауап беруге тырысып жатыр. Ресейлік "РИА Новости" агенттігіне жауап берген белгісіз шенеунік "Каримовтың әдеттегідей дені сау екенін" айтқан. Наурыздың 27-сі күні "Қазақпарат" агенттігі Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Ислам Каримовпен Ташкентте сәрсенбі күні кездескені туралы хабарлады. Uzbekistan мемлекеттік арнасы бұл кездесудің видеосын таратты.

Ал Өзбекстанның халық қозғалысы "ішкі дерек көзіне" сілтеме жасай отырып, жергілікті телеарналар Ислам Каримовтың ауруын жоққа шығару үшін билеп жүрген ескі видеокадрларын көрсетіп жатыр деген болжам айтты.

Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Twitter парақшасында әкесінің денсаулығына қатысты сыбысты барынша жоққа шығаруға тырысып бақты.

"Наурызда 20 минут бойы билеген адамды ауырып қалды дейтін адамның ес-ақылы дұрыс емес шығар" деп жазды Гүлнара Каримова. Ол бұл твитті Өзбекстан - Ливан футбол матчын көруге кетіп бара жатып жариялаған. Өзбектер 1-0 есебімен жеңген бұл ойынға Ислам Каримов та келеді деп хабарланған еді.

ОРНЫНА КІМ КЕЛУІ МҮМКІН?

Сыбысты жаппай жоққа шығару жаппай мойындау сияқты болып көрінетін қоғамда "Каримовтың ақыры" туралы алып-қашпа сөз мұрагер мәселесі туралы қызу талқылауға ұласты. Өзбекстанды ширек ғасыр бойы билеп отырған Каримовтың орнына келуі мүмкін деп үш адамның аты жиі аталады.

Оның екеуі Каримовқа жақын саяси топтан - премьер-министр Шавкат Мирзяев пен қаржы министрі Рустам Азимов.

Үшіншісі - 40 жасар әнші, әрі модельер ретінде көзге түсіп келген қазіргі президенттің қызы Гүлнара Каримова.

Өзбекстанның БҰҰ Женева кеңсесіндегі тұрақты өкілі Гүлнара Каримова соңғы жылдары Өзбекстанда түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүр. Оның бұл акцияларын кейбір сыншылар болашақ президенттік сайлау алдында халық қолдауын иеленуге тырысу деп те сипаттайды.
Гүлнара Каримова, Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы
Гүлнара Каримова, Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы

Швеция мен Швейцариядағы "қаржылық алаяқтыққа" қатысты жүріп жатқан бірнеше тексеру кезінде Гүлнара Каримованың бірқатар бизнес әріптесі күдікке ілінген. Оның соңғы уақытта көп уақытын Өзбекстанда өткізуі де осыған қатысты өсек-аяңды күшейтіп жіберді. Бірақ Каримова қаржылық шуға ешқандай қатысы жоқ екенін айтады.

Каримова "үш кандидаттың" біріне көп алдында шүйлігем деп, өзі туралы өсекті одан сайын қоздата түскендей. Соңғы уақытта жариялаған блогтары мен твиттерінде ол қаржы министрі Рустам Азимов пен оның отбасын күн қуатын өндіру жобасына қатысы бар деп айыптаған.

Азимов басқа да жоғары лауазымды өзбек шенеуніктер сияқты үндемей құтылған.
Өзбекстан парламентінің ғимараты. Ташкент, 21 наурыз 2013 жыл
Өзбекстан парламентінің ғимараты. Ташкент, 21 наурыз 2013 жыл

Өзбекстан сияқты халық саны көп, кедей, АҚШ пен Батыс әскерінің Ауғанстаннан шығу жолында тұрған елдегі билік ауыстыру мәселесі өте маңызды болып көрінеді.

Қазір елдің бәрі ішін тартып, наурыздың 28-і күні өтетін өзбек парламентінің бірлескен отырысын күтіп отыр. Бұл жиынға әдетте Ислам Каримов өзі қатысып, сөз сөйлеп ашатын.

Өзбекстандық сенаторлардың бірі Светлана Артықова (Ортиқова) Азаттық радиосына Ислам Каримовтың хал-ахуалы жақсы екенін, бейсенбі күнгі отырысқа келуі мүмкін екенін айтты.

- Наурыздың 28-29 күндері парламенттің бірлескен отырысы болады. Егер президент қаласа, сессияға қатыса алады. Бұл - оның конституция мен президент туралы заңда бар хақы. Құдайға шүкір, бәрі жақсы, бәрі аман-сау. Егер біреулер 100 жасап жатса, біз президентіміз 150 жыл жасаса деп тілейміз!" - деді ол Азаттыққа.
XS
SM
MD
LG