Accessibility links

Украина тәжік экс-премьерін экстрадицияламайды


Тәжікстанның экс-премьері Абдумалик Абдулложонов. Киев, 7 ақпан 2013 жыл.
Тәжікстанның экс-премьері Абдумалик Абдулложонов. Киев, 7 ақпан 2013 жыл.
Украина Тәжікстанның бұрынғы премьер-министрі Абдумалик Абдулложоновты экстрадицияламайтын болды. Украина бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Маргарита Велкованың айтуынша, Абдулложоновтың АҚШ-та босқын ретінде тіркелген мәртебесі бар.

Экс-премьер биыл ақпанда Киевтің Борисполь әуежайында АҚШ-тан ұшып келген бойда халықаралық ордермен тұтқындалған еді.

Ол 1994 жылы Тәжікстанда президент сайлауында қазіргі президент Эмомали Рахмонға қарсылас болған. Кейін тәжік билігі оны "1996 жылы президентке жасалған қастандыққа, 1998 жылы Соғды облысындағы бүлікшілер шабуылына, ұйымдасқан қылмысқа және террористік іс-әрекетке қатысы бар" деп айыптаған.

Абдулложоновтың өзі айыптарды "саяси астары бар" деп, жоққа шығарады. Ол соңғы 10 жылдан бері АҚШ-та тұрып келеді.
XS
SM
MD
LG