Accessibility links

Иран атомы жайлы келіссөздің бір раунды аяқталды


"Алтылық" тобы жетекшісі Кэтрин Эштон (сол жақта) мен Иран делегациясының жетекшісі Саид Жалили Иран атомы туралы келіссөз алдындағы рәсімде тұр. Алматы, 5 сәуір 2012.

"Алтылық" тобы жетекшісі Кэтрин Эштон (сол жақта) мен Иран делегациясының жетекшісі Саид Жалили Иран атомы туралы келіссөз алдындағы рәсімде тұр. Алматы, 5 сәуір 2012.

Сенбі күні Алматыда Иран мен 5+1 (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай, Германия) тобы арасындағы Иранның атом бағдарламасы туралы келіссөздің кезекті раунды аяқталды.

Иран тарапы келіссөздің оң бағытта болғанын айтып, жалғасуына мүделлілік танытты. Бұл туралы келіссөз соңынан болған баспасөз мәслихатында Иран жоғары ұлттың қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Саид Жалили хабарлады. Ол Батыс елдерінің Иранның уран байытуын ресми мойындауы керектігіне тоқталды. Ол Иран ядролық бағдарламасына тараптардың әртүрлі қарайтынын атап өтті.

Иран өкілінің айтуынша, екі күнге созылған Алматы келіссөзінде Батыс елдерінің бұрынғы ұсыныстарының бір бөлігіне Иран "анық жауап берген".

Иран өкілінен бұрын баспасөз мәслихатын өткізген "алтылық" тобы делегациясының басшысы, Еуродақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік комиссары Кэтрин Эштон тараптардың ұстанымдары жуықтамай тұрғанын хабарлады. Дегенмен ол осы келіссөзде "бірінші рет кеңінен талқылау" болғанын айтты.

- Біз ілгері жылжу үшін мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап, сұрақтарға жауап ала алдық. Бұл маңызды элемент болғанымен, бізді келіссөз нәтижесі көбірек қызықтырады, - деді "алтылық" басшысы.

Кэтрин Эштон "кез-келген санкцияның мақсаты процессті жүргізу" екендігін айтып өтті. Айтуынша, бұл тараптардың арасында сенім тудырып, ілгерілеуге жағдай жасайды.

Бұдан алдын Эштонның баспасөз хатшысы Майкл Ман Азаттық радиосы Парсы қызметіне берген сұқбатында "доптың енді Иран алаңында жатқанын" хабарлады.

Иран ядролық бағдарламасы бойынша ендігі келіссөздің қайда, қашан жалғасатыны хабарланған жоқ. Келіссөздің бұдан алдыңғы раунды да Алматыда 26-27 ақпан күндері өткен.

Ал сәуірдің 5-інде Қазақстан сыртқы істер министрлігі тараптар қаласа, Қазақстанның осы келіссөздің келесі раундын өткізуді қарастыратындығын хабарлаған.

Иран ядролық бағдарламасы халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Тегеран өкілдері бұл бағдарламаның халықаралық атом агенттігі бақылауында екендігін, тек бейбіт мақсатты көздейтіндігін айтып келеді.
XS
SM
MD
LG