Accessibility links

Жалпақтал тұрғындары наразылық шарасын өткізді


Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Жалпақтал ауылының жүздеген тұрғыны ауыл әкімдігі алдында наразылық білдірді. 6 сәуір 2013 жыл. (Сурет "Уральская неделя" газетінен алынды)

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Жалпақтал ауылының жүздеген тұрғыны ауыл әкімдігі алдында наразылық білдірді. 6 сәуір 2013 жыл. (Сурет "Уральская неделя" газетінен алынды)

Сәуірдің 6-сы күні Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылының жүздеген тұрғыны ауыл әкімдігі алдында наразылық білдірді.

- Біз бейбіт түрде жиын өткізіп жатырмыз. Жалпақталдың территориясы бөлінбеуін, сосын жалпы халықтың жағдайын дұрыстау жөніндегі мәселелерді көтеріп отырмыз, - деді Жалпақтал тұрғыны Есболат Азаттық тілшісіне.

Оқиға орнында жүрген журналист Лұқпан Ахмедьяровтың хабарлауынша, тұрғындар Қарасу ауылдық округының Жаңақала ауданына қосылуына қарсылық білдірген.

- 1997 жылға дейін Жалпақтал жеке аудан болып, онда аудан орталығы орналасқан. 1997 жылы Жалпақталды Казталов ауданымен біріктіріп, қазір бірнеше ауылдардың басын біріктірген бір ғана Казталов ауданы бар. Жақында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Казталов ауданына кіретін Қарасу деген ауылды Жаңақала ауданына қосу туралы қаулы қабылдады. Тұрғындар әкімнің бұл шешімін «шектен шығу» деп біледі, - деді журналист Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, Қарасу ауылында су бөгені бар. Бөгенде жиналған суды Қарасу мен Жалпақтал ауылының шаруалары егістікке, мал суаруға пайдаланады. Тұрғындар «енді сол бөген Жаңақала ауданына өтіп кетсе, сусыз қаламыз» деп алаңдап отыр.

- Тұрғындардың айтуларынша, Жалпақталда жұмыс орындары қысқартылып, жақында жергілікті ауруханадағы балалар кабинеті жабылып, дәрігерлерімен бірге Казталовқа көшіріліпті, - дейді Лұқпан Ахмедияров.

Журналистің сөзіне қарағанда, түсте басталған наразылық шарасына кешке облыс әкімінің орынбасары Серік Шәбкенов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Күлшар келді. Олар тұрғындарға «әкімнің қаулысын дұрыс түсінбегендіктерін, бірақ талаптарын облыс әкіміне жеткізетіндерін» айтқан.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG