Accessibility links

"Қорғас" бекеті бойынша іс сотқа жіберілді


Қазақстан-Қытай шекарасынан өтуге кезек күтіп тұрған адамдар. "Қорғас" кеден бекеті, 26 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан-Қытай шекарасынан өтуге кезек күтіп тұрған адамдар. "Қорғас" кеден бекеті, 26 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан "Қорғас" және "Қалжат" кеден бекеттеріндегі ұйымдасқан қылмыстық топ құру, экономикалық контрабандамен айналысу фактілері бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы бүгін экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі (қаржы полициясы) хабарлады.

Агенттік 1575 томды құрайтын қылмыстық іс материалдарымен айыпталушылар және олардың қорғаушылары танысып болғанын, істің енді мамандандырылған әскери сотының қарауына жіберіле бастағанын айтады.

Қылмыстық іс бойынша 45 адам айыпталып отыр. "Олардың 42-сі - қамауда отыр, үшеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды" делінген хабарламада.

Бұлардан өзге 19 адамға іздеу жарияланған. Қылмыстық істің бір бөлігі соларға арналған.

Бұған дейін қаржы полициясы Алматы облысы аумағындағы бірнеше бекетте контрабандалық тауарлармен айналысқан ірі ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталғанын хабарлаған. Топ мүшелері арасында «Қорғас» бекетінің бұрынғы басшысы Бақытжан Айдаровтың да есімі аталған.
XS
SM
MD
LG