Accessibility links

Құқық қорғаушы Харламовты психиатрлар тексеріп жатыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

«Діни алауыздық қоздырды» деген айыппен қамалған құқық қорғаушы Александр Харламов Алматыдағы абақтыға жеткізілді.

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының тұрғыны, Наурыз айында қамауға алынған журналист және құқық қорғаушы Александр Харламов өткен аптаның аяғында Алматы қаласындағы тергеу абақтысына жеткізілді. Ол мұнда Өскемен қаласындағы СИЗО-дан жіберілген. Азаттық тілшісімен телефон арқылы тілдескен Харламов «Мені жынды деп шығарып, психиатриялық ауруханаға жапқылары келеді» деді.

ТҮРМЕДЕН ЖЫНДЫХАНАҒА МА?

Харламовқа «Ой-пікірлері діни адамдардың көбінің пікірі мен сеніміне қайшы және өзінің іс-әрекеті діни алауыздық тудыруы мүмкін екенін біле тұра әлемдік діндер туралы идеяларын таратты» деген айып тағылған.

Тергеушілердің айтуынша, Харламов дінге қатысты идеяларын блогы мен өзі жұмыс істейтін «Риддерские вести» газетінде жариялаған.

Харламовтың Өскемен қаласында психиатриялық сараптамадан өткені және оны ауруханада жатқызып тексеру үшін Алматыға жеткізілгені белгілі болды. Ол енді Алматыдағы немесе оның маңындағы психиатриялық ауруханалардың бірінде ұзақ тексеруден өтетін сияқты.

Александр Харламовтың ісін тергеуші, Риддер қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері, полиция капитаны Алихат Тұрақбаев құқық қорғаушыны сот-психологиялық сараптамадан өткізу туралы шешім қабылданғанын Азаттық тілшісіне растады:

- Тағылған бап ауыр болғандықтан, оның үстіне ол өз идеясын жұртқа таратқандықтан, біз оны Өскеменде психиатр сараптамасынан өткізу туралы шешім қабылдадық. Психиатр қорытындысына сәйкес, Харламов сандырақтау сырқатына ұшыраған деген күдік бар. Өскемендік сарапшылар бұл диагнозды түпкілікті түрде растай алмағандықтан, ауруханаға жатқызып толық тексеру үшін Алматыға жіберді, - дейді.

Риддер журналисі және құқық қорғаушы Александр Харламовқа тағылған «діни алауыздықты қоздыру мақсатында атеистік көзқарастарды таратты» деген айып жұртты таңғалдырды. Тұтқынның өз болжамы бойынша, «атеистік көзқарасы үшін ғана «діни алауыздық қоздырды» деп айыпталғаны баспасөзде шу болған соң тергеуді бастағандар өз әрекеттері ағат болғанын ұғып, опық жеп қалған».

- Енді олар мені қылмыскер қылмаса да, жынды етіп шығарғылары келеді. Адвокатым «Шығыс Қазақстан облысының сот-медициналық комиссиясы мінезінде агрессия белгілері бар, сондықтан айналасындағы адамдарға қауіпті болуы мүмкін» деп алдын ала ұйғарым жасағанын айтты, - дейді Харламов.

Қамауға алынған құқық қорғаушы өзінің атеистік пікірлерінен бас тартпайды, ол дінді «өмірдің фантастикалық елесі» деп есептейді. Ол «мені жынды қылып шығарып, ауруханаға жабу туралы жарлық берген мына репрессивті машинаға қарсы тұра алмауым мүмкін» дейді.

Сараптама кезінде дәрігерлермен дауласқанын айтқан Харламов:

- Дәрігерлердің бірі иудаизм христиан дінінен кейін пайда болды деді. Мен оған «Сіздер сияқты үшке оқығандармен қатар өмір сүру мына біз сияқты үздіктер үшін қандай қиын» дедім, - дейді.
Дәрігерлердің бірі иудаизм христиан дінінен кейін пайда болды дегенді айтты. Мен оған «Сіздер сияқты үшке оқығандармен қатар өмір сүру мына біз сияқты үздіктерге қандай қиын» дедім.

Азаттық тілшісі Александр Харламовтың адвокаты Мәншүк Медихановамен телефон арқылы хабарласты. Адвокаттың айтуынша, тұтқын «сарапшыларды тыңдап, олардың өтініші бойынша үшбұрыш, төртбұрыш сияқты пішіндердің суретін салудың орнына, сот-медициналық сараптама кезінде өз идеяларын жақтауды жалғастырып, оның зияны өзіне тиді».

Адвокат Медиханова «Харламов дәрігерлерге қарсы ешбір қастық әрекет жасамаса да, медициналық сарапшылар оның іс-әрекетінен агрессия белгілерін көріп, «айналасына қауіпті болуы мүмкін» деген ұйғарым шығарғандарын» айтты.

- Бірақ олардың ұйғарымы түпкілікті қорытынды емес. Қорытынды Алматыда жасалады, - дейді адвокат.

ӘЙЕЛІ МЕН ҚАЙЫН ЕНЕСІ

Александр Харламовтың әйелі Марина Каплунская Азаттық тілшісіне «Күйеуіммен он жыл тұрдым. Өзіме, қайын енесіне немесе өгей ұлына қол тигізген емес» дейді. Александр Харламовпен бір шаңырақ астында тұра бастағанда Маринаның ұлы екі жаста екен. Анасы - Харламовтың қайын енесі олармен бірге тұрған. Тұтқынның әйелі «Александр біздің ешқайсымызды ренжіткен емес» дейді.

Әңгімеге тұтқаның ар жағынан Маринаның 11 жасар ұлы Кирилл араласып, «Саша, бұл сенсің бе? Тезірек кел! Мен сені сағындым» деді.

- Александр өгей ұлымен тең адамдай сөйлесетіндіктен, балам оны Саша деп атайды, - деп түсіндірді Каплунская.

Алихат Тұрақбаев Марина Каплунскаядан куәгер ретінде жауап алған. Ол «Александр отбасы мүшелеріне қарсы қандай да бір агрессия жасады ма?» деп сұрағанда тұтқынның әйелі «жоқ» деп жауап берген. Бір подъезде тұратын көршілері де Александрдың әлдебір агрессиялық қылық көрсетпегенін айтқан. Каплунскаяның сөзіне қарағанда, көршілері Харламовқа жағымды мінездеме жазып берген.

Каплунскаяның айтуынша, кейбір «тілектес адамдар» оған «Күйеуіңе айт, кінәсін мойындап, өкіндім десін. Мүмкін оны мерзімінен бұрын босатар немесе шартты түрде жеңіл жаза кесер» деп кеңес берген.

Марина Каплунская Азаттық тілшісіне «күйеуін қуғындаудың негізгі себебі оның құқық қорғау қызметіне байланысты болуы мүмкін» екенін айтты. Тұтқындалған журналист қамауға алынар алдында бір полицейге қатысты шыққан үкім туралы мақала жариялаған. Харламов мақалада жергілікті сот пен прокурордың іс-әрекетін теріс бағалаған. Ал ресми тұлғалар Харламовтың ісі «діни алауыздықты қоздыру мүмкіндігіне ғана қатысты» дейді.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ МОНИТОРИНГІ

Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросы Александр Харламовқа қатысты қылмыстық істі бақылап отыр. Бюро жетекшісі Евгений Жовтистің айтуынша, Харламовтың идеясы үшін қуғындалуын орта ғасырлардағы өзгеше ойлайтын адамдарды қуғындаумен салыстыруға болады.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
- Маған әуелі қылмыстық іс қозғалғаны туралы тергеу қаулысын, сосын соттың қамауға алу туралы қаулысын жіберді. Барып тұрған сандырақ. Қаулыда «өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында ол иудаизм, ислам, хистиан және буддизм діндерін зерттеген» деп жазылған. Ақыры «құдай жоқ» деген қорытындыға келіп, жұрттың көбі құдайдың бар екеніне сенетінін біле тұра, өзінің зиянды идеяларын тарата бастаған. Қысқасы, барып тұрған сандырақ! Кейінірек маған сараптаманың қорытындысын жіберіпті. Ондағы жазылғандар бұл сандырақтан да асып түседі. Әлгі қағаздарды оқып отырып, мына адамдар орта ғасырда қалып қойған ба, әлде бұлар «адамның басқа пікірі болуы мүмкін» дегенді қылмыстық-құқықтық тұрғыдан пайдалануға болмайтынын білмейді ме деп ойлайсың, - дейді Жовтис.

Тергеу орындарының Александр Харламовты есі ауысқан адам ретінде көрсеткісі келуге тырысқанын Қазақстан бюросының жетекшісі «дені дұрыс емес әрекет» деп бағалайды.
Атеист болғаны үшін жынды десе, жұрттың жартысы жынды болып шыққаны. Әрекеттеріне қарағанда, істі бастап алып, енді тығырықтан шығатын амал іздеп жатқан сыңайлы.

- Психологиялық-психиатрлық сараптамадан өткізу үшін енді оны Алматыға әкеліпті. Сұмдық жағдай. Атеист болғаны үшін оны жынды деп жарияласа, жұрттың жартысы – құдай барына сенбейтін бөлігі жынды болып шыққаны. Мына әрекеттеріне қарағанда, олар істі бастап алып, енді тығырықтан шығатын амал іздеп жатқан сыңайлы. Бұл істі бастағандардың есі дұрыс па деген ой амалсыз келеді екен. Егер 21-ғасырда өмір сүріп жатқан зайырлы мемлекетте құдай барына сенбейтінін айтқан адамды қылмыскер және жынды деп жариялап жатса, өзіңнің де есің ауып қалуың мүмкін, - дейді Евгений Жовтис.

АҚТАС АУРУХАНАСЫНА АПАРЫП "ЕМДЕУ"

Қоғам белсенділерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ақыры Алматы облысы Ақтас кентіндегі психиатриялық ауруханадан (кісі өлтіргіш және каннибал Николай Жұмағалиев отырған аурухана) бір-ақ шыққан жағдайлар Қазақстан тарихында кем дегенде екі рет болды.

Олардың бірі – шымкенттік философ Нұрлан Оспанұлы (Әлімбеков). Мақалаларында биліктегі трайбализмді сынаған соң «электронды пошта арқылы ұлтаралық және діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен 2007 жылдың тамызында қамауға алынып, Шымкент пен Алматыда психиатрлық сараптамадан өтті. Ақыры Ақтастағы ауруханаға жатқызылды.

Бұл оқиға Қазақстанда сынға ұшырап, Нұрлан Оспанұлына халықаралық құқық қорғау ұйымдары араша түсті. 2008 жылдың тамыз айында Оспанұлы ауруханадан босатылды. Бірақ ол қазір психиатриялық аурухананың есебінде тұр, емханада тексеруден өтеді. Оған қатысты қозғалған қылмыстық іс жабылған жоқ. Ол жазаға тартылудан сырқатынан сауыққанша ғана босатылды.

Адвокат Зинаида Мухортова. Скриншот Youtube желісінен алынды.
Адвокат Зинаида Мухортова. Скриншот Youtube желісінен алынды.
Қарағанды облысы Балқаш қаласының тұрғыны, адвокат Зинаида Мухортованың ісіне қатысты да көп сын айтылды.

Мухортованың айтуынша, ол жоғары шенді бір адамның іс-әрекеті туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шағым жазған. Бірақ өзінің үстінен алдымен қылмыстық іс қозғалып, соңынан психиатрлық тексеріске ұшыраған. Алдымен «жалған шағым түсірді» деген айып тағылып, 2009 жылы қамауға алынады. Кейін Қарағанды мен Алматы қалаларында психиатрлық сараптамадан өтеді. Сараптамадан кейін Ақтас ауруханасына жатқызылған. Өзінің айтуынша, оған «психикаға әсер ететін уытты препараттарды зорлап берген». Бұлай «емдеу» оның туыстары араласқан соң ғана тоқтатылған.

Бұл ауруханада Зинаида Мухортова тоғыз айдай жатты. Қазір ол үйінде. Қылмыстық іс қысқартылды. Бірақ Мухортованың пайымдауынша, іс толық сауыққанша ғана қысқартылған. Өйткені оған қойылған диагноз әлі өзгертілмеген. Ол психиатриялық тіркеуде есепте тұр.

Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас кентіндегі психиатриялық аурухананың ресми атауы – «Арнайы типтегі республикалық психиатриялық аурухана».
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG