Accessibility links

Еуропарламент Қазақстандағы оппозицияның қудалануын сынады


Страсбургтегі Еуропарламент ғимараты.

Страсбургтегі Еуропарламент ғимараты.

18 сәуір күні өткен пленарлық сессиядағы талқылаулардың бірінде Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары жағдайына қатысты қарар қабылдады.

Еуропарламент Қазақстан мен Еуропа Одағының арасындағы экономикалық және саяси ынтымақтастықтың маңыздылығын атай отырып, бірнеше мәселе бойынша қатаң түрде сын айтты.

Заң шығарушы ұйым Қазақстан сотының оппозициялық партияларды (оның ішінде тіркелмеген "Алға" партиясы да бар) экстремистік ұйым ретінде жабу туралы шешімін қатты сынайтынын мәлім етті. Бұл әрекеттің сөз бостандығы мен жиналу еркін шектейтініне баса назар аударды. Елдегі тәуелсіз БАҚ пен оппозицияның "болашақта да қуғындала беру қаупі бар" деген алаңдаушылық білдірді.

Еуропарламент Қазақстан үкіметін ЕҚЫҰ стандарттарына сай сөз бостандығы мен жиналу құқығы сияқты принциптерді сыйлауға шақырды. Айтылған сынды қатер санамай, азаматтар мен саяси күштерді алаламау саясатын жақсартатын құрал ретінде қабылдауға үндеді. Ұйым Әлия Тұрысбекованың үшінші тарапқа жататын адамдардың іс-әрекеттері үшін жауапты бола алмайтынына назар аудартты.

Қарарда ЕО-ның мүше елдерін Қазақстандағы журналистерді, оппозиция белсенділері мен адам құқығын қорғаушылар мен олардың отбасыларын қудалаудан қорғау туралы кепілдік іздеуге шақыратын жолдар бар.

Еуропарламент "жалпылама айып тағылып қамауға алынған" саясаткерлер мен басқа да адамдарды, атап айтқанда Владимир Козлов, Вадим Курамшин мен Роза Төлетаеваны босатуға шақырды. Олардың соттарының әділ өткеніне күмән келтіретінін мәлім етті. Терроризм және экстремизммен күресті оппозицияның қызметіне тыйым салу үшін, сөз бостандығын шектеу үшін және сотқа ықпал ету үшін қолдануға болмайтынына көңіл аудартты. Ұйым Қазақстандағы дін туралы заңды қайта қарап, діни ұйымдарды тіркеу тәртібін оңайлатуға үндеді.

Ұйым Қазақстанның НАТО-мен әріптестік орнатқан, Иранмен келіссөз жүргізуге мұрындық болған маңызды халықаралық әріптес екенін атай отырып, ЕО мен оның сыртқы саясат қызметін елдегі жоғарыда айтылған келеңсіздіктерді жіті бақылап отыруға шақырды.
XS
SM
MD
LG