Accessibility links

Бостон полициясы: "Джохар Царнаев қамауда"


Джохар Царнаев, Бостон күдіктісі. ВКонтакте желісіндегі суреті.

Джохар Царнаев, Бостон күдіктісі. ВКонтакте желісіндегі суреті.

Бостон полициясы осы қалада өткен марафон кезінде болған жарылысты жасаушы деген күдікке ілінген Джохар Царнаев қамауда отырғанын мәлімдеді.

20 сәуір күні таң ата жеткен хабарлар бойынша жұма күні кеш бата жергілікті полиция Бостонның шетінде болған аз-кем атыстан кейін 19 жастағы күдіктіні тірідей қолға түсірген.

Бостон полициясы Twitter-де "Күдіктіні іздеу операциясы аяқталды. Қауіп-қатерден адамыз. Әділет үстем шықты. Күдікті - қамауда" деп хабарлады.

Полицияның айтуынша, Джохар Царнаев қазір ауруханада.

Кейбір мәліметтер бойынша күдікті Уотертаун қаласындағы бір үйдің артқы ауласында тұрған қайықтың ішінде жасырынып жатқан.

Үйдің иесі полицияға әуелі қайыққа жұққан қанды, сосын оның ішінде жатқан күдіктіні көргенін хабарлаған.

Күдіктінің ағасы Тамерлан Царнаев 18 сәуір күні полициямен болған атыс кезінде оққа ұшқан еді.

15 сәуір күні марафон кезінде болған жарылыстан 3 адам өліп, 176 адам жарақат алған.

Бұл - 2011 жылғы 11 қыркүйектен бері АҚШ-та болған алғашқы ірі теракт.

АҚШ үкіметінің өкілі 2011 жылы белгісіз бір шетелдік үкіметтің өтініші бойынша ФБР Тамерлан Царнаевпен сөйлескенін, бірақ күдікті ештеңе байқамағанын хабарлады.

Бостон марафонындағы жарылыстан соң АҚШ президенті Барак Обама бұл жағдайды Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы талқылаған болатын.

Ағайынды Царнаевтар ресейлік шешендер боып шықты. Олардың немере ағасы Руслан Царни екі жігіттің АҚШ-та соңғы оншақты жыл бойы тұрып жатқанын айтты.

Ақ Үйдің хабарлауынша, Путин Ресей халқының атынан көңіл айтқан. Ал Обама Ресей президентіне жалпы контр-терроризм бойынша, оның ішінде Бостон шабуылына қатысты да көрсеткен ынтымақтастығы үшін алғыс айтқан.
XS
SM
MD
LG