Accessibility links

Үкіметтің қолына қараған ұйымдар


Адам саудасының құрбандарына арналған акция өткізіп тұрған үкіметтік емес ұйым белсенділері. Астана, 23 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Адам саудасының құрбандарына арналған акция өткізіп тұрған үкіметтік емес ұйым белсенділері. Астана, 23 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың тыныс-тіршілігі туралы зерттеп көрді. Мұндай ұйымдардың көбі мүгедектерге тиесілі. Олар ұйымды дамыту туралы өз ұсыныстарымен бөлісті.

Алматылық Алима Бейсенбаева «Шырақ» атты мүгедек әйелдерге арналған үкіметтік емес ұйымның (ҮЕҰ) жетекшілерінің бірі. Кеңсесіндегі жұмыс үстелінде – жиналған қағаз. Барлығы – мүгедектердің өтініш хаттары. Біреуі – мүгедектер арбасы, бірі – дәрі-дәрмек, енді бірі корсет керек деп өтініш жазып кеткен. Ол бұл өтініштердің мемлекеттің қаржысына қарап тұрғанына біраз болғанын айтады.

ТЕНДЕРГЕ ТЕЛМІРУ

- Қазақстандық компаниялардан, бизнесмендерден бір реттік көмек болады. Жаңа жыл, наурыз, әйелдер күні сияқты шараларды өткізуге ақша бөліп тұрады. Ал біздің негізгі жұмысымыз – жобаларды жүзеге асыру мемлекеттік тапсырыстар мен конкурстардың ақшасына жасалады. Флешмоб пен түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Бұл бір жағынан өз ұйымымызды танытуға көмектессе, екіншіден демеушілер табуға аз да болсын сеп. Бірақ бұл шаралардан бедел өседі деп айта алмаймын. Себебі Қазақстанда ҮЕҰ деген концепцияны халық жете түсінбейді. Қарапайым халық ҮЕҰ-лардың қызметін, олардың мақсат-мүддесін білмейді. Егер ҮЕҰ-лар туралы халықтың хабары болса, оларға мүше волонтерлардың саны да көп болар еді, - дейді белсенді.

Республикалық азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығының өкілі Тыныбек Байтоқов та өзі жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым мемлекеттің тапсырысына қарап отырғанын айтады.

- Қазақстандағы ҮЕҰ-ға бизнесмендер, жеке компаниялар көмектеспейді деп айта алмаймын. Көмектеседі. Бірақ аз. Пайызға шаққанда, бизнесмендердің төрт-бес пайызы ғана көмектесетін шығар. Соған қарамастан жұмысымызды көрсетіп, түрлі тренингтер ұйымдастырып тұрамыз. Бұл шаралардың барлығын ұтып алған конкурстардың, мемлекеттік тапсырыстардың қаржысына өткіземіз, - дейді сұхбаттасымыз.

Нақты бір әлеуметтік мәселе, я категориямен ғана айналысатын ҮЕҰ-лардың грантқа мұқтаж екені аңғарылады. ВИЧ жұқтырған және СПИД-ке шалдыққандарға көмек беру ұйымының өкілі Клара Саниева:

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
- Біздің ұйымға көбіне спорт және дене шынықтыру агенттігінен тапсырыстар келеді. Олар СПИД-ке қарсы шараларды бізбен бірігіп ұйымдастырады. Денсаулық сақтау министрлігі мен жастарға байланысты мемлекеттік ұйымдардың конкурстарына қатысамыз. Ал бизнесмендер мен ұлттық компаниялардан көмек сұраймыз. Олар флешмобтар мен қоғамдық шараларды өткізуге көмектесіп, ақша бөліп тұрады. Бірақ арнайы ірі жобаларға ақша салған емес, - дейді.

«ТАПСЫРЫСТАН ТУҒАН ҰЙЫМДАР»

Қазақстандағы ҮЕҰ қызметі мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асады. «Ақпараттық-ресурстық орталық» дерегіне сүйенсек, 2003 жылы ҮЕҰ-ларға мемлекеттен 10 миллион 700 мың теңгеге тапсырыс беріліп, ол конкурсқа 109 ҮЕҰ-дан 120 өтініш түскен. Ал 2007 жылы 299 миллион теңгенің тапсырысына 154 ҮЕҰ-дан 392 өтініш келген.

2012 жылы ҮЕҰ-ларға арналған мемлекеттік тапсырысқа республикалық бюджеттен - 2 миллиард 271 миллион, жергілікті бюджеттерден 2 миллард 240 миллион теңге бөлінген.

Ал Еуропада ҮЕҰ-ларға жеке компаниялар, қалталы азаматтар көмектеседі. Үкімет оларды жанама түрде қолдайды және жұмысын бақылап отырады. Еуропада ҮЕҰ-лардың 20-40 пайызы мемлекеттен тапсырыс алады. Бірақ мемлекет қоғамға қажетті жобаларды жүзеге асыру үшін ҮЕҰ-нан өзі көмек сұрап, керекті қаржы бөліп отырады.

«Сана Сезім» үкіметтік емес ұйымының өкілі Шахноза Хасанова (оң жақта) Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматқа еңбек мигранттарының құқығы туралы кеңес беріп отыр. Шымкент, 10 ақпан 2009 жыл.
«Сана Сезім» үкіметтік емес ұйымының өкілі Шахноза Хасанова (оң жақта) Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматқа еңбек мигранттарының құқығы туралы кеңес беріп отыр. Шымкент, 10 ақпан 2009 жыл.
Саясаттанушы Дулатбек Қыдырбекұлы ойынша, Қазақстандағы ҮЕҰ-лардың жұмысын дамыған елдердегі жүйемен салыстыруға келмейді.

- Қазақстандағы ҮЕҰ үкіметке есеп береді. Олар үкіметке емес, қоғамға есеп беруі тиіс. Бірақ Қазақстандағы ҮЕҰ есеп беретін қоғам қалыптаспаған. «Үшінші секторды» дамыту үшін шетелдік тәжірибеге сүйену керек. Дамыған елдерде қоғамдық ұйымдардың көпшілігі ірі компаниялардың қайырымдылыққа бөлген ақшасымен жұмыс істейді. Мысалы, бір компания пайдасының белгілі-бір пайызын қайырымдылық ретінде мүгедектер ұйымына немесе балалар құқығын қорғау қорларына, табиғатты қорғау ұйымдарына аударып отырады. Осы арқылы «үшінші сектор» дамиды. Бірақ мұндай тәжірибе Қазақстанда қалыптаспаған. Сондықтан үкімет үшінші секторды ұстап тұру үшін оларға көмек көрсетіп отыр. Оны да құптау керек, - дейді ол.

Азаттық тілшісі саясаттанушы айтқан дамыған елдерді зерттеп көргенде, ондағы
Дамыған елдерде қоғамдық ұйымдардың көпшілігі ірі компаниялардың қайырымдылыққа бөлген ақшасымен жұмыс істейді.
ҮЕҰ-лардың мүшелері көп болатынын байқады. Мысалы, АҚШ-та құрамында 7 мың, кейбірінде 12 мыңнан аса мүшесі бар ҮЕҰ-лар тіркелген. Экологиялық немесе мүгедектерге арналған ҮЕҰ-ға волонтерлар, зейнеткерлер, оқушылар, студенттер, қарапайым тұрғындар, тіпті компания басшылары да мүше болады.

Мұнда әр ҮЕҰ өз саласына байланысты көмек көрсетеді. Мәселен оқушылар сенбіліктерге шығып немесе мүгедектерге тұрмыстық жағынан (үйін жинап беру, серуендету) көмектессе, ересек тұрғындар мен зейнеткерлер ҮЕҰ-лардың есебіне қолдарында бар қаржысын аударуы мүмкін. Ал Қазақстанда керісінше, мүгедектер ұйымына тек жарымжандар, экологиялық ұйымдарға тек экологтар мүше екені көрінеді. Мәселен «Шырақ» мүгедек әйелдер ұйымында 320 адам бар. Барлығы – мүмкіндігі шектеулі адамдар.

Ұйым өкілі Алима Бейсенбаеваның айтуынша, волонтерлар жоқ. Азаттық тілшісі ауған соғысы ардагерлері ұйымына да тек интернационалист жауынгерлер, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар ұйымына тек СПИД-ке шалдыққандар мүше екенін анықтады.

"Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім.
"Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнің пайымдауынша, Қазақстандағы үшінші сектордың дамуына кедергі жасап тұрған факторлардың бірі – халықаралық ауқымда GONGO аталып кеткен үкімет, я әкімдік тарапынан уақытша құрылатын ҮЕҰ-лар.

- ҮЕҰ жұмысына жақсы баға бере алмаймын. Қоғамда үш күш бар: билік, бизнес, азаматтық қоғам. Үшеуінің жағдайы, беделі бір болуы керек. Бірақ Қазақстанда азаматтық қоғамның мүмкіншілігі билік пен бизнестен өте төмен. Сол азаматтық қоғам қалыптастыруы тиіс қоғамдық ұйымдардың жұмысы төмен. Екі минус бар. Біріншіден, көптеген ҮЕҰ уақытша құрылады. Шетелден грант
Қоғамда үш күш бар: билік, бизнес, азаматтық қоғам. Үшеуінің жағдайы, беделі бір болуы керек.
немесе үкіметтен тапсырыс алады да, оны орындаған соң тарап кетеді. Екіншіден, әр облыстың әкімдіктеріне немесе үкіметке ұнайтын қоғамдық ұйымдар бар. Соларға қолдау жақсы да, басқасы көлеңкеде қалып жатады. Бұл да азаматтық қоғам қалыптастыруға кедергі. Қоғамдық ұйымдар тарап кетпей жылдар бойы жұмыс істеуі керек. Сонда олар мықты институтқа айналады, - деді Көшім.

«ДАМУЫ ӨЗДЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ»

Қазақстандағы ҮЕҰ-ның көбі шоғырланған Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы төрағасының орынбасары Айдар Есенбеков алматылық ҮЕҰ-лардың беделі артып келе жатыр деп санайды.

- ҮЕҰ бойынша негізгі жұмыс істейтін - қалалық және облыстық әкімдіктердің ішкі саясат бөлімі. Біздің міндет – олардың жұмысын үйлестіру және әріптестік орнату. Алматыда барлығы 5 мыңдай ұйым бар. Олардың мыңға жуығы жұмыс жасайды. Біз олардың жұмысына нақты баға бере алмаймыз, бірақ ҮЕҰ – азаматтық сектордың дамуы мен демократиялық қоғам құрудың көрсеткіші. Алматыда ҮЕҰ белсенділігі өте жоғары. Соңғы кезде олардың беделі артып келе жатыр. ҮЕҰ жүйесіне реформа жасау керек дегенге қатысты ештеңе айта алмаймын. Олардың дамуы өздеріне байланысты. Өздері бастама көтеріп, ұсыныс тастап жатса, мемлекеттік органдар қолдауға дайын, - деді әкімдік өкілі.

Үкіметтік емес ұйымдардың 6-шы форумына қатысушылар. Алматы, 6 қазан 2010 жыл.
Үкіметтік емес ұйымдардың 6-шы форумына қатысушылар. Алматы, 6 қазан 2010 жыл.
Бұған Алима Бейсенбаеваның айтар уәжі бар:

- Қазақстанда нақты бір ҮЕҰ туралы стратегия жоқ. Яғни көбінің жұмысы нақты бір нәтиже беріп жатқан шамалы. Сондықтан Қазақстандағы ҮЕҰ-лардың қызметіне өзгеріс енгізу керек. Біріншіден, әлеуметтік мәселелерді шешуде жаңа әдістерді қолдану керек. Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдар үкіметтің ақшасына қарамай, қоғамдағы беделін көтеруі тиіс. Бірақ бедел көтеруге үкіметтің өзі кедергі болып отыр. Себебі жоғары жақ тендер мен тапсырысты бекітеді, - дейді ол.

ҮЕҰ-лардың шынайы азаматтық қоғам құру тетіктеріне айналу мүмкіндігін болжау мақсатымен Қазақстандағы Тransparency әлеуметтік қоры арнайы онлайн-сауалнама ұсынды. Қазақстандағы Transparency өкілі Гүлнара Хабиева:

- Зерттеудің толық қорытындысы алдағы уақытта шығады. Жалпы алдын ала қорытынды бойынша зерттеуге қатысқандардың көбі «Қазақстандағы ҮЕҰ жүйесіне реформа керек» және «ҮЕҰ жұмысына қаржы тапшылығы кедергі болып отыр» деп жауап берген, - дейді.

Ресми дерек бойынша Қазақстанда 25 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 7 мыңға көп.
XS
SM
MD
LG