Accessibility links

АҚШ-та исламофобия мен төзімділік қатар көрінді


Жарылыстан кейін Бостон көшесінде пайда болған "Бостон қайыспайды!" деген жазуы бар баннер. 23 сәуір 2013 жыл
Жарылыстан кейін Бостон көшесінде пайда болған "Бостон қайыспайды!" деген жазуы бар баннер. 23 сәуір 2013 жыл

Бостон жарылысынан соң америкалықтар «Иммигрант шешен жастар неге адам өлтіруге барды?» деген сұраққа жауап іздеп жатыр.

Саясаткерлер, сарапшылар мен қарапайым АҚШ азаматтары «Бостонда жарылысты жасады» деген айып тағылған екі шешен иммигранты туралы түрлі пікір айтып жатыр.

Жұрттың көбі мемлекеттің азаматтарды төтенше жағдай болған кезде қауіптен қаншалықты қорғай алатынын білгісі келеді. Ислам десе зәресі қалмай шошитындар да байқалады. Бәрін исламға жауып, мәселеге үстірт қарауға қарсылар да бар.

«ЖАУЫМЫЗ - ЖАС МҰСЫЛМАНДАР»

Журналист Эрик Раш АҚШ қоғамындағы исламофобияны (ислам дініне үрке қарау - ред.) күшейткендердің бірі болды. Жарылыс болған бетте ол Twitter парақшасына «Қылмыскер Сауд Арабиясынан келді» деп жазды.

Терактіден соң АҚШ билігі Сауд Арабиясынан келген бір адамнан күдіктеніп, бірақ кейін оның кінәсіз екені анықталған еді.

Twitter парағындағы басқа бір пайдаланушының «Әлгі адам мұсылман болғаны үшін айыптадыңыз ба?» деген сауалына Раш: «Иә, олар - жауыздар. Бәрін өлтіріп тастау керек» деп жауап берді. Кейін «ол пікірім - сарказм» деп ақталды.

Сәуірдің 22-сі күні, жарылыстан бір апта өткенде, бұрынғы америкалық конгрессмен Джо Уолш (Иллинойс штатынан шыққан республикашыл саясаткер) MSNBC жаңалықтар арнасына былай деді: «Бізде соғыс жүріп жатыр. Өткен аптада оны тағы да еске түсірдік. Иммиграцияны бөгеуге ғана көңіл бөліп қоймай, осы соғыстағы жауымызды анықтап алуымыз керек. Олар – жас мұсылмандар».
Жарылыс құрбандарын жоқтап тұрған жұрт. Бостон, 16 сәуір 2013 жыл
Жарылыс құрбандарын жоқтап тұрған жұрт. Бостон, 16 сәуір 2013 жыл

2001 жылғы қыркүйектің 11-і күнгі терактіден кейін Нью-Йорк полициясы барлық мұсылман кварталдарын тексеріп шықты. FBI (АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы) да мұсылмандар мен басқа этникалық топтарды бөлекше тексерді. Сыншылар бұл әрекеттерді конститутцияға қайшы десе, билік өкілдері ондай шаралардың ұлттық қауіпсіздікке қажет екенін айтты.

Сәуірдің 23-і күні Fox News арнасының сарапшысы Боб Бекель былай деп мәлімдеді: «Біз мұсылмандардың осы елге келу тәртібін қайта қарауға тиіспіз... Мұсылман студенттер біраз уақыт Америкаға келмейтін болсын. Сол кезде жағдайды талдап, үйіне қайтаратындарды қайтарып, түрмеге баратындарын отырғызып үлгереміз».

Сәуірдің 26-сы күні конгрессмен Дана Рорабахер (калифорниялық республикашыл саясаткер) АҚШ конгресінің өкілдер палатасы комитетінде «Шешенстандағы ислам экстремизмінің АҚШ-қа төндіретін қаупі» деген тақырыпта сөйледі. Қорытынды сөзінде ол: «Барлығымыз балаларды өлтіруге мәжбүрлейтін дінге қарсы тұруға тиіспіз» деді.

Бұл пікірлерге қарсы шыққан бірнеше америкалық мұсылман ұйымдары исламофобиялық көзқарастарды сынап, мұсылмандарды қорқытып-үркіткен әрекеттер мен пікірлердің теріс екенін дәлелдеуге тырысты.

"АМЕРИКАЛЫҚТАРМЫЗ, ДОСТАРЫҢБЫЗ"

Америкалық ислам конгресінің азаматтық құқықтарды насихаттау бөлімінің Бостондағы директоры Насер Веддади «2001 жылдың қыркүйегінен бастап, америкалық мұсылмандарға деген сыңаржақ пікір қалыптасқанын» айтады.

«Терроризм оқиғасына мұсылман дінін ұстанатындардың қатысы болса, исламофобия өрши береді. Америкада бірнеше квартал бар. Ондағы мұсылмандардың бәріне «терроршы болуы мүмкін» деп қарау дұрыс емес. Мұндай пікірлер ислам дінін құбыжық етіп көрсетуге ықпал етеді» дейді ол.

Бірақ Веддади қарапайым тұрғындар мен шенеуніктердің бәрі исламға осы тұрғыдан ғана қарамайтынын айтады. Ол «Бостондағы америкалықтардың көбі жеке адам мен тұтас қауымның арасында айырма бар екенін түсінеді» дейді.

Сәуірдің 18-і күні АҚШ президенті Барак Обама да осыған ұқсас пікір білдірді. Ол «Қатыгездікке қарсы тұрып, достық пен махаббатты таңдаймыз» деген еді.
Бостондағы жарылыс құрбандарын еске алушылар. 23 сәуір 2013 жыл
Бостондағы жарылыс құрбандарын еске алушылар. 23 сәуір 2013 жыл

Бостонда жақын арада тағы бірнеше конфессия аралық шаралар өткізілмек. Нью-Йорктегі Шешенстанды қолдау желісінің негізін қалаушы Альмут Роховански жарылыстан кейін өздерін қолдаған хаттар алғанын айтады.

«The New York Times бетінде мақала жарияланды. Онда АҚШ-тағы шешендердің көңіл-күйі туралы баяндалған. Сосын көптеген адамдар бізге «Біз - америкалықтармыз, достарыңбыз. Қорықпаңдар. Сендермен кездескіміз келеді. Елімізге қош келдіңдер» деп жазды. Себебі Шешенстандағы және АҚШ-тағы шешен халқы айыптылар туралы естігенде қатты қолайсызданып, қысылды» дейді ол.

Азаттыққа сұхбат берген бір америкалық араб (аты-жөнін айтпауды өтінді): «2009 жылғы қыркүйектің 11-інен бастап жасалған әр террорлық әрекет бұл елдің толеранттығына үлкен сынақ болып тұр. Қазір де сондай сәт туды, біреулер өзін жақсы жағынан көрсете білді» деді.

Сәуірдің 15-і күні ​Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болып, 170-тен астам адам жараланған еді. Арада бірнеше күн өткесін полиция жарылысты ұйымдастырушы ретінде күдіктіге айналған ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ізіне түсті.

Бостон полициясының мәліметі бойынша, Тамерлан сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшқан, ал Джохар сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен. "Негізінен Қырғызстанда туып-өсіп, кейін АҚШ-қа қоныс аударған этникалық шешендер" ретінде сипатталған ағайындылардың тірі қалған кішісіне айып тағылып, оның тергеуге алынғаны туралы хабарланған.

Джохар Царнаев - Массачусетс Дартмаус университетінің студенті. Кейін АҚШ-тың федералдық қауіпсіздік бюросының ағайындыларды танитын, я олармен араласқан Массачусетс аймағындағы бірнеше студенттен жауап алып жатқаны мәлім болды.

(Мақаланы аударған Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG