Accessibility links

Бостон ісінде айып тағылғандардың екеуі - қазақ


Джохар Царнаевпен (сол жақта) біре суретке түскен қазақ студенттер. Диас Қадырбаевтың ВКонтакте парақшасынан алынған сурет.

Джохар Царнаевпен (сол жақта) біре суретке түскен қазақ студенттер. Диас Қадырбаевтың ВКонтакте парақшасынан алынған сурет.

Бостон марафоны кезінде болған жарылыс бойынша күдікке ілінген Джохар Царнаевпен бірге университетте оқыған тағы үш студентке осы іске байланысты айып тағылды. Олардың екеуі - 19 жастағы қазақстандықтар Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяков.

1 мамыр күні Қадырбаев пен Тажаяковқа тергеу ісін шатастырмақ болды деген айып тағылды. Үшінші айып тағылған студенттің аты-жөні Робел Филлипос. Ол "ФБР тергеушілеріне жалған мәлімет бергені үшін" айыпты атанды.

Қадырбаев пен Тажаяков күдікті Джохар Царнаевтың ізіне полиция түскенін ести сала оның жатақханадағы бөлмесіне барып сезіктінің оқ-дәрі салынған рюкзагын жоймақ болды деп айыпталады. Олардың 1 мамыр күні сот алдына баратынын адвокаттары Линда Крсителло да растады. Бұған дейін екі қазақ студенті виза тәртібін бұзғаны үшін деген себеппен қамауда отырған еді.

Егер тағылған айыптарды сот дұрыс деп тапса, Қадырбаев пен Тажаяков 5 жылға сотталып, 250 мың доллар айып төлеулері мүмкін. Ал Филлипосқа 8 жылға дейінгі жаза кесілуі мүмкін.

Джохар Царнаевтың ағасы Тамерлан Царнаев Бостон полициясымен атыс кезінде өлген болатын. Джохар Царнаев - ауруханада, ол полициямен атыс кезінде түскен жарақаттардан енді сауығып келеді.
XS
SM
MD
LG