Accessibility links

3 мамыр - дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні


Reporters Without Borders ұйымы жариялаған 2013 жылғы әлем елдеріндегі баспасөз еркіндігінің индексі. (Көрнекі сурет).

Reporters Without Borders ұйымы жариялаған 2013 жылғы әлем елдеріндегі баспасөз еркіндігінің индексі. (Көрнекі сурет).

Бүгін, 3 мамыр - дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күнінің белгіленгеніне 20 жыл толады. 1993 жылы осы күні БҰҰ Бас ассамблеясы 3 мамырды "Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні" деп жариялап, сөз бостандығы мен оған төнетін қауіп-қатерге назар аударуға шақырған еді. Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 19-бабында сөз бостандығы адам құқықтары ретінде көрсетілген.

Атаулы күнге орай жариялаған есебінде Amnesty International ұйымы Сириядағы қақтығыстарда ондаған журналист пен тілшілердің қаза табуы, тұтқындалуы мен азапталуына көтерілісшілер мен үкімет күштерінің бірдей жауапты екенін айтты.

Ал Committee to protect Journalists ұйымы журналистерге жиі қастандық жасалатын және оның алдын ала алмай отырған елдердің жыл сайынғы тізімін жария қылды. Тізімнің басында Ирак орналасқан. Одан кейінгі орындарда Сомали, Филиппин, Шри-Ланка, Колумбия, Ауғанстан, Мексика, Пәкістан, Ресей және Бразилия тұр.

Reporters Without Borders (RWB) ұйымы қаңтарда жариялаған есебінде Қазақстанда өткен жылы журналистерге шабуылдар жасалғанын, бірқатар оппозициялық ақпарат құралдарының жабылғанын хабарлаған еді. Ұйым "Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаев билігінің репрессиялық саясаты салдарынан көршілері Өзбекстан мен Түркіменстанның ультраавторитарлық үлгісіне жақындады" деген қорытынды жасады.

RWB өткен жылдың қорытындысы бойынша баспасөзі еркін елдердің тізімінде Қазақстанды 179 елдің арасында 160-орынға қойған.
XS
SM
MD
LG