Accessibility links

Айтыстың жаңалығы Зайытовтың оралғаны болды


«Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтысқа келген ақындар. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтысқа келген ақындар. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
Алматыда студенттер сарайында «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге арналған айтыс өтіп жатыр. Билеттің қымбаттығына қарамастан көрермен залға лық толды.

Алматыда бұған дейін өткен айтыстардың билет құны 1-3 мың теңге аралығында болатын еді. Бұл жолғы айтыс билетінің ең арзаны – 3 мың теңге, алдыңғы қатардағы орындар 7 мың 500 теңгеден сатылып жатыр екен. Азаттық тілшілерін әдеттегідей «Билет керек пе? Қай қатардан? 3 мың теңгелік, жақсы орыннан билеттер бар» деп зыр жүгірген делдалдар қарсы алды. Айтысқа келген қауым да бір-біріне «билеттің тым қымбат екенін, бірақ амалсыздан алып тұрғандарын» айтысып жатты.

«БИЛІКТІ ПРОДЮСЕРЛЕРГЕ БЕРІП ЕДІК»

Алғашқы күнгі, мамырдың 8-індегі айтыс белгіленген уақытынан жарты сағатқа кешігіп барып басталды. Сахнаға әуелі айтыстың осы күнге дейінгі тұрақты жүргізушісі болып келген Жүрсін Ерман шықты. Ол «жасы келгендіктен айтысты басқармайтынын» мәлім етті.

– Осы айтысқа жүгіре беруден қажыдым. Көз алдарыңызда қартайдым ғой. Сосын мынау «Шаншар», «Нысана», «Тамаша» деген концерттерді ұйымдастырып жүрген жас продюсер жігіттер «Біз өткізіп берейік» деген соң қолдарына билігін беріп едік. Өйткені ұйымдастыру деген қиын шаруа. Мынау телевидениедегі, радиодағы, көшедегі, билбордтағы реклама дегенге пәленбай миллион ақша кетеді, уақыт кетеді басқасын былай қойғанда, – деді ол.
Ақын Жүрсін Ерман «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтыста. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
Ақын Жүрсін Ерман «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтыста. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

Жүрсін Ерман билет құнының қымбат болу себебін де түсіндіре кетті.

– «Билеттің бағасын қымбат қойып жіберді» деген маған шағымдар түсті. Мен әрі ойлап, кішкене күйіндім де. Біз бұрын қымбаттатпайтынбыз. Себебі мұнда кім келеді – қазақтілді кедей-кепшік, өзіміз сияқты қариялар келеді, жастар келеді. Бірақ енді заманның арты осылай боп кетті ғой. Тіпті мұнда шай құятын қыздар да келмей қапты. Аналардың берген ақшасын азсынған болу керек, – деді ол.

Айтысты жүргізу билігін қолына алған айтыскер ақын Аманжол Әлтаев бұл жолғы айтыста ақындарға ұпай берілмейтінін, қазылар алқасы «жеңді» не «жеңілді» деген шешім ғана шығаратынын жария етті. Қазылардың басшысы Жүрсін Ерман болды.
Айтысты жүргізген Аманжол Әлтаев. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
Айтысты жүргізген Аманжол Әлтаев. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

«ШЫНДЫҚТЫ АЙТУ ҚЫЛМЫС БОП ТҰР БҮГІН»

Қазылардың шешімі бойынша ақындар 8 мамыр күні бір-бірімен былай жұптасып айтысатын болды: Ринат Зайытов – Нұрлан Есенқұлов, Қанат Мырзахан – Ержеңіс Әбдиев, Сара Тоқтамысова – Аян Сейітов, Еркебұлан Қайназаров – Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов – Айнұр Тұрсынбаева, Мейірбек Сұлтанхан – Жарқынбек Наушабеков, Балғынбек Имашов – Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан – Төреғали Төрәлі.

Айтыс басталмас бұрын көрермендер Айбек Қалиев пен Бегарыс Шойбековтің неге келмегенін сұрағанын еді. Аманжол Әлтаев «Бегарыс Шойбеков Түркияға кетті» деді. Ал Айбек Қалиев туралы сауал жауапсыз қалды.

Айтыскерлердің алғашқы жұбын бастаған Ринат Зайытов сахнаға шыққанда зал толы көрермен ұзақ уақыт қол шапалақтап, ысқырып, оған өзгеше ілтипат білдірді.
Ринат Зайытов «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтыста. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
Ринат Зайытов «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтыста. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

2011 жылы желтоқсанның 2-сі мен 4-і аралығында Астанада «Тәуелсіз елдің таңы жарық» атты айтыскерлер сайысынан кейін өзінің айтыстан кететін мәлімдеген Ринат Зайытов Азаттық өткізген онлайн-конференциясында ол шешімінің себептерін айтқан еді.

Араға екі жыл салып айтысқа қайта оралған ол:

– Жыл салып Алматыға айтыс келді,
Бұзуға сайқалдықтың тыныштығын.
Апта сайын айтысар ек, амал бар ма,
Шындықты айту болып тұр қылмыс бүгін, – деді.

Ринат Зайытов сөз арасында Қазақстанның қазіргі гимні туралы айта келіп, қарсыласын Нұрлан Есенқұловқа:

– Сол әннің, білуші едім, қайырмасы
«Менің елім, менің жерім» деп басталарын.
Бүгінде «менің елім», «менің елім»
Дегенге түйіледі, рас, қабағым.
Әй, Нұрлан, білесің бе біздің көке
«Жерім» деген сөзді неге ап тастағанын, – деген сауал қойды. Алайда қарсыласы еш жауап бермегеннен кейін Ринат Зайытовтың өзі былай деді.

– «Менің жерім» деген сөз әнұранда,
Қазақ үшін жанып тұрған от боп еді.
Сол сөзді бүгін алып тастағаны –
«Ей, қазақ, сенде жерің жоқ» дегені.

КӨРЕРМЕН ҚАЗЫЛАРДЫҢ ШЕШІМІНЕ НАРАЗЫ БОЛДЫ

Айтыстың алғашқы күні сахнаға шыққан оралдық Жансая Мусина (наурызда Шымкентте өткен «Наурыз-айтыста» бас жүлдені иеленген) мен астаналық Еркебұлан Қайназаровқа қазылар теңдей дауыс берді – екеуі Жансаяға, екеуі Еркебұланға қол көтерді. Алайда Жүрсін Ерман төрағалық дауысын өз қол астында – айтыскерлер одағында қызмет ететін Еркебұланға берді. Бұған наразы болған жұрт екі ақынды қайта дауысқа салуды сұрады.
Жансая Мусина «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтыста. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
Жансая Мусина «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтыста. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

– Мен осындай боларын білгенмін. Бұл жолды таңдаған – ақындардың өзі. Мен кеше айтқанмын: «Екі жақсы ақынның біреуін шығарып, екіншісі алып қала алмаймыз» деп. Ақындардың өзі айтқан: «Аямаңыздар» деп. Біз екеуін қатар шығара алмаймыз. Бүгін он ақын екінші кезеңге шығады да, осы айтысты аяқтайды. Мен өз даусымды Еркебұланға бердім, – деді осы тұста сахнаға қайта көтерілген Жүрсін Ерман.

Дәл осындай даулы жағдай Айнұр Тұрсынбаева мен Мұхтар Ниязовтың арасындағы сөз сайысында да қайталанып, ақыры екінші кезеңге Мұхтар Ниязов өтті.

Алайда айтыс аяқталар тұста қазылар шешімдерін өзгертіп, соңғы өнер көрсеткен жұптар – павлодарлық Аспанбек Шұғатаев пен астаналық Серікболсын Дүйсенбайды, Оңтүстік Қазақстанның ақыны Қажымұқан Абзалов пен алматылық Фархад Маратұлын «тақырыпты аша алмады» деген уәжбен финалға жібермей қойды. Олардың орнына финалға Жансая Мусина (Еркебұлан Қайназаровтан жеңілген) мен Айнұр Тұрсынбаева (Мұхтар Ниязовтан жеңілген) өтті.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтысқа қатысқан ақындар. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтысқа қатысқан ақындар. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

Айтыстың бейсенбі, 9 мамыр күні кешке өтетін екінші кезеңінде сахнаға мына ақындар шығатын болды: Ринат Зайытов, Қанат Мырзахан, Сара Тоқтамысова, Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов, Айнұр Тұрсынбаева, Мейірбек Сұлтанхан, Балғынбек Имашов, Сырым Әуезхан.
XS
SM
MD
LG