Accessibility links

Бостон полициясы: Тамерлан Царнаев туралы білмедік


Бостон полициясының басшысы, комиссар Эдвард Дэйвис. Вашингтон, 9 мамыр 2013 жыл.
Бостон полициясының басшысы, комиссар Эдвард Дэйвис. Вашингтон, 9 мамыр 2013 жыл.
Бостон полициясының басшысы, комиссар Эдвард Дэйвис 15 сәуірдегі жарылысқа күдіктілердің бірі Тамерлан Царнаев туралы ресейлік арнайы қызмет орындарының ескертуінен бейхабар болғандарын айтты. АҚШ конгресіндегі тыңдауда сөйлеген Дэйвис "полиция ол деректі білсе де, терактінің алдын ала алмас еді" деді.

2011 жылы Федеральдық тергеу бюросы (FBI) да, Орталық барлау басқармасы (CIA) да Ресейден "Тамерлан Царнаев діни экстремизмге бейім" деген ақпарат алған. Кейін FBI ол істі тексере келе жапқан.

АҚШ конгресінің өкілі, республикашыл Майкл Маккол 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін миллиардтаған доллар жұмсалса да, қауіпсіздік мекемелерінің бір-бірімен үйлесімді жұмыс істей алмай отырғанын айтады.

Сәуірдің 15-і күні ​Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болып, 260-тай адам жараланған еді.

Арада бірнеше күн өткенде полиция ағайынды Тамерлан (26 жаста) мен Джохар (19 жаста) Царнаевтардың ізіне түсті. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты, ал сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен Джохар Царнаев қазір қамауда отыр.
XS
SM
MD
LG