Accessibility links

Иванишвили: Жыныстық азшылықтың құқығы тең


Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили журналистермен кездесуде. Тбилиси, 14 мамыр 2013 жыл.
Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили журналистермен кездесуде. Тбилиси, 14 мамыр 2013 жыл.
Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили жыныстық азшылық топтар өкілдерінің құқықтары өзгелердікімен бірдей деп мәлімдеді.

Азаттықтың Грузин қызметінің хабарлауынша, Тбилисиде журналистер алдында сөйлеген Иванишвили Грузияда жыныстық азшылықтардың құқықтарын елемейтін топтардың да бар екенін айтты. "Бірақ қоғам олардың өздерімен тең екеніне біртіндеп үйрене бастайды" деді ол.

Премьер бұған қоса гей, трансгендер және гомосексуал топтардың алдағы жұмада өтетін демонстрациялары кезінде ықтимал шабуылдан қорғалатынын атап өтті. Жұма күні жыныстық азшылық өкілдері шеру өткізуді жоспарлаған жерде гейлерге қарсы топтар да өздерінің наразылық акциясына шықпақшы.

Бірақ Иванишвили біржыныстылардың неке құруына қатысты пікірін білдірмеді. Бұл мәселенің Франция қоғамында саяси және әлеуметтік шиеленістер туғызғанын айтып, оны дәл қазіргі уақытта талқылаудың "қажеті жоғын" айтты. Бидзина Иванишвили Грузиядан өзге Франция азаматтығына да ие.

Өткен жылдың мамырында Грузияның гомосексуализмге қарсы православиелік бағыттағы 200-ге тарта белсендісі Тбилисиде халықаралық гомофобия мен трансфобияға қарсы күрес күнін атап өтіп жатқан гей белсенділеріне шабуыл жасап, екі жақ қақтығысып қалған еді.
XS
SM
MD
LG