Accessibility links

Грекия премьері Қытайға барды


Грекия премьер-министрі Антонис Самарас.
Грекия премьер-министрі Антонис Самарас.
Грекия премьер-министрі Антонис Самарас ресми сапармен Пекинге барды. Ол сапар барысында Грекия экономикасын дамыту үшін Қытайдан инвестиция тартып, сауда-саттық келісімдерін жасасуды көздейді.

Самарас бейсенбіде тасымал және телекоммуникация саласында бірқатар келісімдерге қол қою үшін Қытай премьері Ли Кэцянмен кездесті.

Қытайлық Xinhua ("Синьхуа") агенттігінің хабарлауынша, Ли Кэцян кездесуде "Қытай Грекиямен сауда айналымын 2015 жылға қарай екі есеге арттырады" деген сенім білдірген. Қазір екі ел арасындағы сауда айналымы жылына 3,38 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Самараспен бірге Қытайға ондаған грек министрлері мен бизнесмендері де барған. Грек делегациясы мұнда қытайлық инвесторларды Грекия активтерін сатып алуға тартып, ел экономикасын құрдымға кетуден сақтап қалуды көздейді.

Қытай экономикалық қуаты жағынан әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орынға көтерілген. Пекин "қытай компаниялары алдағы жылдары шетелге 500 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салады" деп болжайды.
XS
SM
MD
LG