Accessibility links

ЕО Түркіменстан билігінен Азаттық тілшісі туралы сұрады


Азаттықтың Түркімен редакциясының журналисі Ровшан Язмухамедов.
Азаттықтың Түркімен редакциясының журналисі Ровшан Язмухамедов.
Еуропа одағының делегациясы Түркіменстан үкіметінің өкілдерімен Ашхабадта кездескенде, сол елде қамауға алынған Азаттық радиосының тілшісі Ровшан Язмухамедовтің тағдырына алаңдаушылық білдірген. Бұл туралы Еуропа одағының сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштонның баспасөз хатшысы Майя Коциянчич мәлімдеді.

– Еуропа одағы Азат Еуропа/Азаттық радиосы тілшісінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, ол туралы толыққанды ақпарат сұрады, - деді ол Азаттықтың Түркімен қызметіне.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы президентінің міндетін атқарушы Кевин Клоз Ровшан Язмухамедовтің жеке басының қауіпсіздігіне қатысты қатты алаңдаушылық білдіріп, Түркіменстан билігін журналисті дереу босатуға шақырды.

«Бізге оны ешбір айып тақпастан қамауға алғаны белгілі болып отыр. Бұл оның журналистік кәсібіне байланысты болуы мүмкін. Оған психологиялық және басқадай қысым жасалуы ықтимал» деді Клоз.

Бұған дейін Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымдары да Түркіменстан билігінен журналист Ровшан Язмухамедовті дереу босатуды талап еткен еді.

Азаттықтың Түркімен қызметінің журналисі 30 жастағы Ровшан Язмухамедов мамырдың 6-ы күні үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған еді. Кейін прокуратура оның қамауда екенін хабарлаған. Жергілікті құқық орындары Язмухамедовтің не үшін қамалғанына қатысты ешқандай түсінік берген жоқ.

Ровшан Язмухамедов бұған дейін 2013 жылдың басында екі рет тергелген еді. Ол негізінен әлеуметтік мәселелер тақырыбында мақалалар жазып жүрген.
XS
SM
MD
LG