Accessibility links

Сирия президенті Асад: Қызметімнен кетпеймін


Сирия президенті Башар Асад.
Сирия президенті Башар Асад.
Сирия президенті Башар Асад елде келесі жылы өтеді деп белгіленген президент сайлауына дейін қызметтен кетпейтінін мәлімдеді. Ол бұл туралы аргентиналық «Clarin» газетіне сұхбатында айтқан.

Асад бұған дейін өзіне осы қызметінен кету туралы ұсыныс жасаған АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керриге жауап ретінде, «міндетімді тастап қашатын адам емеспін» деп мәлімдеген. Ол сондай-ақ, Сирияда 26 айға жалғасып отырған азаматтық соғыс барысында үкімет әскері азаматтарға қарсы химиялық қару қолданған деген күдікті де жоққа шығарды.

Осының қарсаңында АҚШ пен Ресей мемлекеттері Башар Асад пен оның саяси қарсыластарына өзара соғысты тоқтату және одан кейінгі саяси өзгерістердің жай-жапсарын талқылап, келісу үшін Женевада бейбіт жиында кездесуге шақырған еді.

Сирияда Асад режиміне қарсы 2011 жылы наурызда басталған қарулы көтеріліс барысында 70 мыңнан аса адам қаза тауып, бірнеше миллион тұрғын баспанадан айырылды.
XS
SM
MD
LG