Accessibility links

АҚШ үкіметінің діни бостандық туралы есебі


Татар-башқұрттың "Дін-Мұхаммед" мешіті. Петропавловск. Көрнекі сурет

Татар-башқұрттың "Дін-Мұхаммед" мешіті. Петропавловск. Көрнекі сурет

АҚШ мемлекеттік департаменті мамырдың 20-сы күні жариялаған есебін 2012 жылғы әлемдегі сенім бостандығы ахуалына арнаған. Онда Қазақстандағы ар-ұждан және сенім бостандығына қатысты баға беріледі.

Құжатта «Қазақстанда үкімет тіркелген ұйымдардың еркіндігін сақтағанымен, тіркелмеген ұйымдарға рейдтер мен айыппұлдар арқылы қысым көрсетіп отыр. Үкімет 2011 жылы миссионерлер мен діни топтарды тіркеудің қатаң талаптарын енгізді. Көптеген ұйымдар тіркеуден қайта өткенімен, саентологтар, «Бірігу шіркеуі» (Церковь Объединения) мен ахмадия қауымы, бірқатар протестанттық ұйымдар, Петропавловск қаласындағы «Татар-башқұрт діни қауымы», сопылық бағыт өкілдері, басқа да ислам ұйымдары түрлі дәрежеде қуғын мен қысым көрді» деп жазылған.

АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігінің құзыры көбейтіліп, ол барлық мұсылман топтарының ханафи мазхабындағы ҚМДБ құрамына өтуін талап ететінін атап өткен.

ДІНИ ДЕМОГРАФИЯ

АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде Қазақстан статистика агенттігінің мәліметтері берілген. Яғни, халықтың 65 пайызы - ханафи мазхабын ұстанатын суннит мұсылмандар. Шафилік суннизм, шиизм, сопылық және ахмадиялық бағытты ұстанатындар - тұрғындардың 1 пайызы. Православтық христиандар - Қазақстан халқының мөлшермен 24,6 проценті. Католиктер, грек-католиктер, Иегова куәгерлері, лютерандар, пресвитериандар, жетінші күн адвентистері, методистер, меннониттер, мормондар, иудейлер, буддистер, кришнаиттер, бахаилер, "христиан-ғалымдар", саентологтар, «Благодать», «Новая Жизнь» және «Бірігу» (Церковь Объединения) шіркеулерінің өкілдері - халықтың 5 пайызы.

ҚАЙТА ТІРКЕЛУДІҢ МАШАҚАТЫ

АҚШ мемлекеттік департаменті аталған құжатта Қазақстан үкіметінің діни ұйымдарды қайта тіркеу ережесін қатайтқанына назар аударады.

2011 жылы қабылданған заң бойынша қайта тіркелетін діни ұйымдарда көпсатылы иерархия болуы тиіс және олар діни әдебиеттерін міндетті сараптамадан өткізуі қажет. Елді мекендерде тіркелетін діни ұйымның 50, аймақтық ұйымның 500, республикалық ұйымның 5 000 мүшесі болуы тиіс.

Заңның орындалуын прокуратура және дін істері агенттігі өкілдері ұдайы тексеріп тұрады. Шетелдік миссионерлер қаржы көзі туралы мәліметтерін өткізуге тиіс. Шетелдіктер діни топты тіркей алмайды. Бірақ миссионер ретінде тіркелуге болады, оның өзінде бір жылға ғана рұқсат етіледі.

Заңда діни ұйымдардың 18 жасқа толмаған балаларға уағыз жүргізуіне көптеген тосқауылдар қойылған. Діни негізде партия құруға тыйым салынған.

ҮКІМЕТ ТӘЖІРИБЕСІ

Есепте үкіметтің басқа да шектеу тәсілдері бар екені айтылған. Мәселен, салық және басқа органдардың тексерістері, ғибадат үйлерін салуға рұқсат бермеу, миссионерлерге виза бермеу, діни әдебиеттерді ұзақ уақыт сараптамадан өткізу, ғимаратты мақсатқа сай пайдаланбады деп айыптау сияқты шектеу амалдары сипатталған.

Бұдан бөлек АҚШ мемлекеттік департаменті жаңа заң қабылданғаннан кейін қайта тіркеуден 4 мың 551 ұйымның 32 пайызы қысқарып (1 мың 463 ұйым тіркеуден өтпей қалған), 3088 ұйымның қалғанын айтып, Қазақстан үкіметін 2011 жылы қабылданған дін туралы заңды конституциямен және халықаралық нормалармен сәйкестендіруге шақырады.
XS
SM
MD
LG