Accessibility links

Царнаевтың ісі бойынша сот тыңдауы кейінге қалды


Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаев.
Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаев.
Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаевтың ісі бойынша сот тыңдауы 2 шілдеге немесе одан да кейінге қалды деп хабарлайды Boston Herald газеті.

Басылымның жазуына қарағанда, АҚШ аймақтық сотының судьясы Марианна Боулер АҚШ прокуратурасы мен Царнаевтың адвокаттарының 30 мамырға белгілеген сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырған.

Прокуратура мен адвокаттар өтініште "іс күрделі болғандықтан дәлел-айғақтар жинап, зерттеу жүргізу үшін біраз уақыт керек" екенін айтқан.

Судья Боулер АҚШ-тың түрме бюросын Форт-Девенс (Fort Devens) түрмесінде жатқан Царнаевтың хал-ахуалы туралы күнделікті мәліметті адвокаттары мен прокуратураға беріп тұруға міндеттеген. Түрме бюросы қос тарапқа енді Царнаевтың күнделікті іс-әрекеті, психологиялық жай-күйі, дүкеннен не сатып алғаны және басқа да ақпараттарды беріп отыруы тиіс.

Сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында марафон кезінде бомба жарылысынан 3 адам мерт болып, 260-тан астам адам жараланды. Полиция жарылысқа күдіктілер ретінде ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтарға іздеу жариялады. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты. Ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні Бостон қаласының шетінде ұсталды.
XS
SM
MD
LG