Accessibility links

Астанада Азаттық тілшісін полиция ұстады


Өркен Жоямерген, Азаттықтың Астанадағы тілшісі.

Өркен Жоямерген, Азаттықтың Астанадағы тілшісі.

Азаттық тілшісі Өркен Жоямергенді Астанада кәсіби қызметін атқарып жүрген кезінде полиция ұстады. Оқиға бүгін Астана уақыты бойынша сағат 13:00 кезінде өздерін "үлескер" деп атаған ондаған адам үкімет үйінің алдына наразылық өткізуге бара жатқан кезде болған. Азаттық тілшісі сол шеру туралы хабар дайындауға барған.

Өркен Жоямергенмен қоса "үлескерлерді" де полиция ұстап, автобустарға тиеп, Алматы аудандық ішкі істер бөліміне әкелді. Ұсталған адам - 70-80 шамалы. Олардың арасында тәуелсіз журналист Санат Урналиев те бар.

Азаттық тілшісі полиция мекемесінде бұған дейін ұсталған "Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаевты да көргенін айтты. "Полиция оны басқа жаққа алып кетті" деп хабарлады тілші телефон арқылы.

Полиция мекемесіне әкелінген адамдардың өтініші бойынша оларға су беріліп, жедел жәрдем көмегі жеткен. Полиция ұстаған адамдар арасында "жүрегім қысты" деп шағымданғандар болған.

21 мамырда "ипотекаға үй алып, оның қарызын қайтара алмай жүрміз" деген жүздеген адам Астанаға жиналған еді. Олар үкімет және парламенттің қабылдауына кіріп, биліктен қарыздарын жабуды сұрамақ болған.

Бірақ "үлескерлер" үкімет пен парламентке кіре алмай, "Нұр Отан" партиясы өкілдерімен ғана кездескен. Кешкісін олар жеке үйлерге орналасып, бүгін үкімет үйі алдында наразылық шарасын өткізуді жоспарлаған. Бұл шараға жиналғандар арасында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және басқа да облыстардан келген адамдар бар.

Ал бүгін таңертең Астанада полиция үлескерлердің адвокаты Болатбек Біләловті, "Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының төрағасы Есенбек Өктешбаев пен оның әйелін ұстаған болатын.
XS
SM
MD
LG