Accessibility links

"Үлескерлер" мәжіліс депутатымен кездесті


Өздерін "үлескерміз" деп атаған адамдар парламентке кірген өкілдерін күтіп отыр. Астана, 24 мамыр 2013 жыл.

Өздерін "үлескерміз" деп атаған адамдар парламентке кірген өкілдерін күтіп отыр. Астана, 24 мамыр 2013 жыл.

"Ипотекамен үй алып, оның қарызын жаба алмай жүрген үлескерлердің" наразылық акциясына қатысушы қырыққа жуық адам дәл қазір Астана қаласындағы "Бәйтерек" кешені төңірегінде отыр" деп хабарлайды Азаттық радиосының Астанадағы тілшісі Өркен Жоямерген.

Тілшінің айтуынша, "үлескерлердің" үш кісіден құралған өкілдерін бүгін түстен кейін парламент мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев қабылдаған. Олар депутатқа үш мәселе бойынша өтініштерін айтқан: 1) Алматы қаласындағы пәтерінен бүгін шығарылған жеті балалы отбасыны үйіне қайта орналастыру; 2) "Экономикалық дағдарыс кезінде мемлекет банктерге көмек көрсетті, сондықтан банктерден несие алған қарапайым халыққа да көмек көрсетілуі керек" дейтін талаптарын президентке жеткізу; 3) "үлескерлер" араларынан әкімшілік жазаға тартылғандарды босату.

"Үлескерлердің" өтініш-тілектерін қабылдап алғанын, әрі қарай тиісті орындарға жіберетінін" айтқан мәжіліс депутаты Алмас Тұртаев:

- Бұл - сот процесімен байланысты күрделі мәселе. Сот ісіне араласа алмаймыз, бірақ банк тарапынан қиянат жасалса жәрдемдесуге тырысамыз. Үлескерлердің өкілдері мен парламент депутаттарынан құралған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, - деді.

21 мамырда "ипотекаға үй алып, оның қарызын қайтара алмай жүрміз" деген жүзден аса адам Астанаға жиналған еді. Олар үкімет және парламенттің қабылдауына кіріп, биліктен қарыздарын жабуды сұрамақ болған. Бұл шараға жиналғандар арасында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және басқа облыстардың тұрғындары бар.

Бұған дейін "Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының төрағасы Есенбек Өктешбаев пен астаналық құқық қорғаушы Болатбек Біләлов те осы наразылық акцияларына қатысты әкімшілік жазаға тартылған. Ал "ипотекаға үй алдық" деген топтың екі белсендісіне айыппұл салынған.

Бүгін Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматтық белсенді Берік Жағыпаровты "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп айыптап, 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды.
XS
SM
MD
LG