Accessibility links

БҰҰ Ирандағы сайлау барысын айыптады


Ирандағы президенттік сайлаудан шеттетілген Эсфандьяр Рахим-Машаи (сол жақта) мен Али Акбар Хашеми Рафсанджани.
Ирандағы президенттік сайлаудан шеттетілген Эсфандьяр Рахим-Машаи (сол жақта) мен Али Акбар Хашеми Рафсанджани.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшылары Иранда кейбір ықпалды саясаткерлер мен барлық әйел үміткерлердің президент сайлауына қатысу құқығынан айырылғанына алаңдаушылық білдірді.

БҰҰ сарапшылары бейсенбіде жасаған мәлімдемесінде аталған үміткерлерді сайлаудан шығарып тастау "кемсітушілік болып саналады және халықаралық нормалар мен стандарттарға қайшы" деді.

Иранда президент сайлауына кімдердің қатысатынын консервативтік діни жетекшілер мен заңгерлерден құралған конституциялық қадағалау кеңесі шешеді. Қадағалау кеңесі өткен аптада президент сайлауына тек сегіз үміткер ғана түседі деп шешкен. Сайлауға түсуге 700-ге тарта адам өтініш білдірген еді. Сайлаудан шығарылғандар арасында 30 әйел бар.

Қадағалау кеңесі сайлаудан шеттеткен үміткерлер арасында Иранның бұрынғы президенті Али Акбар Хашеми Рафсанджани мен Эсфандьяр Рахим Машаи (қазіргі президент Махмуд Ахмединежадтың жақтасы) бар. Сайлауға түсетіндер арасында консерваторлар басым.

БҰҰ құқық қорғаушылары бұған қоса Иранда "журналистерге қоқан-лоқы жасалып, ақпарат құралдарында сөз бостандығына шектеу салына бастағаны" туралы да айтқан. Сарапшылар "қоқан-лоқы мен сөз бостандығын шектеу сайлауға қатысты сыни ақпараттардың азаюына және сайлаудың әділ өтуіне кедергі келтіреді" дейді.

Иранда президент сайлауы 14 маусымда өтеді.
XS
SM
MD
LG