Accessibility links

"Талибан" басшыларының бірі оққа ұшқаны хабарланды


"Талибанның" Пәкістандағы қанаты басшыларының бірі Вали-ур Рехман Мехсуд.

"Талибанның" Пәкістандағы қанаты басшыларының бірі Вали-ур Рехман Мехсуд.

Азаттықтың Пәкістан қызметі АҚШ жүргізген арнайы операция барысында "Талибанның" пәкістандық қанаты басшыларының бірі Вали-ур Рехман Мехсудтың қаза тапқанын хабарлады. Бұл туралы ақпаратты Азаттықтың Пәкістан қызметіне жергілікті ақпарат құралдары мен "Талибандағы" дерек көздері берген.

Ақпаратқа қарағанда, пәкістандық "Талибанның" командирі Хакимулла Мехсудтың орынбасары Рехман Мехсуд Пәкістанның Солтүстік Вазиристан провинциясында пилотсыз ұшақ шабуылынан мерт болған.

"Талибанның" пәкістандық қанаты "Техрик-э-Талибан Пәкістан" деп аталады. АҚШ үкіметі Хакимулла Мехсуд пен Рехман Мехсудтың әрқайсысы туралы анық мәлімет берген адамға 5 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындаған еді.

Рехман Мехсуд 2008 жылы Исламабадтағы Marriott қонақүйіне жасалған шабуылға жауапты делінеді. Ол шабуылдан 50 адам құрбан болған.

Бірақ пәкістандық "Талибан" өкілі Ихсанулла Ихсан Reuters агенттігіне Рехман Мехсудтың қаза тапқанын растамаған.
XS
SM
MD
LG