Accessibility links

Бас прокуратура: Аязбекованың арызы әлі толық қаралмаған


Наразы әйелдер кранның басында отыр. Астана, 29 мамыр 2013 жыл. Суретті түсірген Мұрат Тұңғышбаев.

Наразы әйелдер кранның басында отыр. Астана, 29 мамыр 2013 жыл. Суретті түсірген Мұрат Тұңғышбаев.

Сотталған ұлы Азамат Аязбековті босатуды талап етіп, келіні Гүлім Бабақовамен бірге Астанада кранның басына шығып алған Бағжан Аязбекованың наразылық акциясына байланысты Қазақстан бас прокуратурасы түсініктеме берді.

"Бағжан Аязбекова биыл сәуірде Қазақстан бас прокурорының қабылауында болған, мамыр айында қылмыстық іс материалдарын тексеруге қатысқан, бірақ өзі берген арызды қарау уақыты бітпей жатып наразылық акциясын өткізді" делінген бейсенбі күні бас прокуратура таратқан мәлімдемеде.

Ресми ақпарда оқиға орнында арнайы қызмет өкілдері жүргені де айтылған.

Бағжан Аязбекова бүгін Азаттыққа бейсенбі күні кешкісін кран тұрған жерден төтенше қызмет, медициналық жедел-жәрдем өкілдерінен тұратын топ адамның кетіп қалғанын, жұма күні таңертең ол жерге полицейлер келгенін айтты. Ол келіні екеуі бұрынғысынша кранның басында отыр.

2011 жылы "кісі бопсалады және билік өкілін (полицейді) жарақаттады" деп айыпталып, 9 жылға сотталғанын Азамат Аязбековтің (1987 жылы туған) анасы мен келіні "ол заңсыз сотталған" дейді.

Бағжан Аязбекова мен келіні Гүлім Бабақова бұған дейін де, 2012 жылы қарашада осындай талап қойып, жылу электр станциясының мұржасына шығып кеткен еді.
XS
SM
MD
LG