Accessibility links

«Азаттық» сыйлығының 7 иегері аталды


2011 жылы қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовқа берілген «Азаттық» сыйлығы. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.

2011 жылы қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовқа берілген «Азаттық» сыйлығы. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.

Бүгін Алматыда «Азаттық» сыйлығы берілген жеті адамның есімдері белгілі болды деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Биылғы «Азаттық» сыйлығына Төребек Төлегенов (марқұм), Атаберген Дүйсекенов (марқұм), Александр Боженко (марқұм), қоғамдық белсенділер Роза Төлетаева мен Вадим Курамшин, суретші Қанат Ибрагимов және ресейлік журналист Елена Костюченко лайықты деп танылған.

Бұл туралы сыйлық иегерлерін анықтау мен тапсыру ісін ұйымдастыратын комитеттің мүшесі, «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілев Алматыда көшеде жиналғандар алдында жариялаған. Бұған дейін ұйымдастырушылар сыйлық тапсыру рәсімін өткізу үшін алдын ала жалға алынған мейрамхананың иесі шараны өткізуден бас тартқанын айтқан еді.

Бейсенбіде прокуратура қарары бойынша қаржы полициясының өкілдері "Азаттық" сыйлығын ұйымдастыру комитетіне мүше екі қоғамдық ұйым жетекшілерінің кеңселерінде тінту жүргізді. Белсенділердің айтуынша, билік өкілдері «Азаттық» сыйлығының тоғыз мүсінін, жеңімпаздарға берілуі тиіс дипломдарды тәркілеген.

Прокуратура «Азаттық» сыйлығын қуғынға ұшыраған бизнесмен Мұхтар Әблязов тағайындаған деген жорамалға сілтеме жасап, сыйлықты ұйымдастыру комитетінің мүшелеріне «заңсыз ақшаны заңдастыру үшін жауапқа тартылатындары» туралы ескерткен.

Қазақстандық оппозициялық ұйымдар тағайындаған «Азаттық» сыйлығы он жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын тапсырылып келеді. Лауреаттарға арнайы мүсін мен диплом беріледі. Ақшалай жүлде қарастырылмаған.

Бұл сыйлықты ұйымдастырушылар мамырдың 31-і, яғни саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні тапсырмақ болған еді.
XS
SM
MD
LG