Accessibility links

Жаңаөзендіктердің босатылуы созыла түсті


Сотталған азаматтардың жақындары түрме ауласында тұр. Орал, 31 мамыр 2013 жыл.
Сотталған азаматтардың жақындары түрме ауласында тұр. Орал, 31 мамыр 2013 жыл.

Жазасы жеңілдетілген жаңаөзендіктердің туыстары бірнеше тәулік бойы жақындарының шығуын күтіп Орал түрмесінің алдында тұр.

Алты жаңаөзендіктің жазасы жеңілдетілгені туралы жоғарғы сот шешімі мамырдың 28-і күні шықан еді. Бірақ олардың қамаудан босатылуы созыла түсті. Мамырдың 31-і күні кешке қарай Батыс Қазақстан облысы қылмыстық атқару істер жүйесі департаментінің бастығы Бекболат Төремұратов жаңаөзендіктердің жазасын шартты мерзімге ауыстыру туралы жоғарғы сот қаулысы ертең, маусымның 1-і түске дейін қолына тиетінін хабарлады.

- Ертең түске дейін құжаттарын реттеп боламыз, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Босауы тиіс алты азамат - Қайрат Еділов, Қайрат Әминов, Мұрат Қосбармақов, Нұрлан Асқарұлы, Бауыржан Непес пен Жарас Бесмағамбетов.

«ҚАЙТА ҚАМАП ТАСТАР»

Соңғы бірнеше күн қатарынан Орал түрмесінің есігін күзеткен журналистерге Бекболат Төреқұлов сот қаулысы келмей ешкімнің босатылмайтынын айтып келген еді. Абақты алдында топталғандарға ауық-ауық кездесуге шыққан ел аузында "он алтыншы зона" аталып кеткен РА-170\2 қамау мекемесінің бастығы Әділхан Ерғалиев те «қаулы келмей ешкімнің босамайтынын» ескертумен болды.

Жаңаөзендіктерді күткен қоғамдық белсенділер мен журналистер түрме өкілімен сөйлесіп тұр. Орал, 30 мамыр 2013 жыл
Жаңаөзендіктерді күткен қоғамдық белсенділер мен журналистер түрме өкілімен сөйлесіп тұр. Орал, 30 мамыр 2013 жыл
Мамырдың 30-ы күні жаңаөзендіктердің түрмеден шығарылуын күтіп үшінші тәулік сарсылған журналистер тобына Маңғыстаудан арнайы келген сотталушылардың отбасылары қосылды.

Сотталғандардың туыстары хабарды ести салысымен Оралға қарай жолға шыққан. Алайда Ақтаудан Оралға тіке қатынайтын пойыз болмаған соң олар Атырау арқылы айналып келуге мәжбүр болған.

Бір жыл бойы қамауда жатқан балаларын я ерлерін қарсы алуға келгендер мамырдың 30-ы күні Оралға жеткенде сағат кешкі 20.00 болған еді. Алайда түрме алдындағы қаптаған қарсы алушыларды көрген мұнайшылар отбасы сөйлесуден бас тартып, көліктерімен қаша жөнелді. «Олардың жазасы шарттыға ғана ауысты ғой, егер біз бірдеңе десек, қайта қамап тастар» деген қауіптерін журналистерге ортадағы делдал арқылы жеткізді.

«БІР РЕТ ӘКІМДІК КӨМЕК БЕРДІ»

Ал мамырдың 31-і күні таңғы 8.00-ден бастап түрме алдына қайта жиналған мұнайшылар отбасы тал түске дейін туыстарының бостандыққа шығатынан біле алмады.

Бауыржан Непестің жары Шамшырақ Нұрланова 5 жасар баласы Сұлтанбекпен бірге абақты ауласындағы сәлемдеме қабылдайтын жерде жүр. Орал, 31 мамыр 2013 жыл.
Бауыржан Непестің жары Шамшырақ Нұрланова 5 жасар баласы Сұлтанбекпен бірге абақты ауласындағы сәлемдеме қабылдайтын жерде жүр. Орал, 31 мамыр 2013 жыл.
Сотталған Бауыржан Непестің жары Шамшырақ Нұрланова ерінің 2011 жылы желтоқсанның 28-і күні қалай ұсталғанын айтты.

- Бауыржанға іздеу жарияланды. Содан өзіміз білуге барғанбыз, содан алып кетті ғой, - деп еске алды ол.

Оның айтуынша, ері қамауда отырған кезде "отбасы, туған-туыс, жамағайындардың көмегімен" өмір сүріп келеді.

- Әрине, қиын болды. Оның үстіне отбасымызда қамқорлыққа алған балалар бар. Арасында жылына бір рет облыстық әкімдік 64 мың теңгеден көмек көрсетті, - дейді Шамшырақ Нұрланова.

Ол жұбайын қарсы алуға 5 жасар баласы Сұлтанбекті де ертіп келіпті.

- Қуанышымызда шек жоқ. Бірақ ағыл-тегіл қуана алмаймыз. Жарты балалар (айып тағылған басқа жаңаөзендіктер – ред.) сонда отыр. Біз олардың отбасымен араласып отырмыз. Күні кеше біз Оралға жол тартқанда олар жылап қалды, - дейді Шамшырақ Нұрланова.

Жиналғандардың отбасылары еркін сөйлеуден жасқанатындарын айтты. Олардың көбі бастан өткергендерін қайта еске алуды хош көрмеді. «Ешкімнен көмек алғанымыз жоқ. Тек Ғалым Ағелеуов, «Аман-саулық» қоры бірнеше мәрте қаржылық демеу жасады» дейді олар.

СҮЙІНШІ МЕН ШАШУ

Сарыла күту жұма күні де жалғасты. Босатылуы тиіс Нұрлан Асқарұлының анасы Айнагүл апа да егде тартқан жасына қарамай келген екен. Жаңаөзендіктерді күтіп тұрғанда «олармен бір камерада отырдым» деп бостандыққа шыққан бір жігітті олар шашумен қарсы алды. Өзіне деген мұндай құрметті күтпеген әлгі жігіт:

- Олар енді бір-екі сағаттан соң шығып қалады, жол билеттерін алып жатыр, - деді.

Мұны естіген мұнайшылар отбасы «мынау шүйінші хабарың үшін» деп ол жігіттің қолына аз-маз ақша ұстатты. «Ол – ырым, жақсы жаңалық өтеуі ғой» деді туыстары бізге.
Сотталған жаңаөзендіктердің туыстары
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:18 0:00
Жүктеп алу

​- Өте қуаныштымын. Қалған балалар да аман-есен шығып, отбасына оралса екен, - деді Нұрлан Асқарұлының анасы Айнагүл апа.

Ал сотталған жаңаөзендіктерді қолдап келген оралдық «Абырой» қоғамдық бірлестігінің Жанат Есентаев бастаған бір топ белсендісі шар үрлеп, оған жазасы жеңілдетілмей түрмеде қалған мұнайшылардың аттарын жазды.

- Біз осылайша түрмеде қалған жетеудің де тезірек еркіндікке қол жеткізуін ниеттеспіз, соны тілейміз, - деді ол Азаттық тілшісіне.

"СӘЙКЕСТІК"

Сотталған жаңаөзендіктердің туыстары мен белсенділер "мұнайшылардың бостандыққа шығуы мамырдың 31-і - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен қатар келеді" деп үміттеніп тұрды.

Жанат Есентаев Жаңаөзен оқиғасы бойынша түрме жазасына кесілгендердің мамырдың 31-і қуғын-сүргін құрбандары күнімен қатарлас бостандыққа шықса, оны да «заңдылық» деп санайтын айтты.

- Жаңаөзен оқиғасынан соң сотталғандардың саны 37 еді. Менің санама 1937 жыл оралған. Енді, міне, оларды қуғын-сүргін құрбандары күнімен қатар босатпақшы. Заңдылық емей немене? - деді ол.

Есентаевтың ойынша, жаңаөзендік сотталғандар - саяси қуғын-сүргін құрбандары.

Жанат Есентаев пен Шамшырақ Нұрланова сотталған жаңаөзендіктердің аты жазылған шарлар ұстап тұр. Орал, 31 мамыр 2013 жыл.
Жанат Есентаев пен Шамшырақ Нұрланова сотталған жаңаөзендіктердің аты жазылған шарлар ұстап тұр. Орал, 31 мамыр 2013 жыл.
Алайда Оралдағы РА-170\2 түрмесінің бастығы Әділғазы Ерғалиев Азаттық тілшісіне жаңаөзендіктердің мамырдың 31-і күні босатылуын «таза парадокс» немесе «жай ғана уақиға сәйкестігі» деп қабылдайтынын айтты.

Батысқазақстандық "Абырой" қоғамдық ұйымының белсенділер түрмедегі жаңаөзендік мұнайшыларға жиі материалдық қолдау көрсетіп отырғанын айтты.

Мамырдың 28-і күні жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалау коллегиясы Жаңаөзен ісі бойынша түрмеде отырған 6 сотталушының жазасын қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес шартты түрде өтеу жазасына алмастыру туралы шешім қабылдаған еді.

Үш жылға түрмеге кесілген Қайрат Еділов, Қайрат Әминов, Мұрат Қосбармақов, Нұрлан Асқарұлы, Бауыржан Непес пен Жарас Бесмағамбетов шартты жаза алып Орал түрмесінен шығарылмақ. Ал қалған сотталушылардың жазасы өзгеріссіз қалды. Олардың ішінде 6 жылға кесілген Мақсат Досмағамбетов, Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаев, 5 жылға кесілген Роза Төлетаева мен Шабдал Өткелов, 4 жылға кесілген Таңатар Қалиев пен Талғат Сақтағанов бар.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында қарулы полиция ереуілдеуші мұнайшыларға оқ атып, 16 адам өліп, жүзден астам адам жараланған еді. Осы оқиғаға байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталып, 2012 жылғы маусымда сот үкімі шыққан еді. Олардың үшеуі ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілініп, қалғандары түрлі жазаға тартылған.
XS
SM
MD
LG