Accessibility links

Прокуратура: Әблязовтің әйелінен қолхат алынды


Мұхтар Әблязов, қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир.

Мұхтар Әблязов, қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир.

Бас прокуратура бүгін қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева мен оның кәмелетке толмаған қызы Алуа Әблязованың Рим қаласы маңында тұрып жатқан жерінен 1 маусымда Қазақстанға депортацияланғанын растады. Бұл туралы прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков брифингте айтты.

Оның айтуынша, тексеріс кезінде 47 жастағы Алма Шалабаеваның Италия аумағында "Оңтүстік Африка республикасының жалған төлқұжатымен жүргені" анықталған. "Италия билігі оның Қазақстан азаматы екені анықталған соң қызы екеуін Қазақстанға депортациялау туралы шешім шығарды. Қазір одан Алматы қаласынан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды" деді Сүйіндіков.

Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін Әблязовтің әйелі мен қызына Қазақстан азаматтығы туралы құжатты заңсыз жасау фактісі анықталған. Қазір Шалабаеваның осы іске қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Прокуратура өкілі италиялық құқық қорғау органдары Әблязовті анықтау мен ұстау шараларын жалғастырып жатқанын айтады.

"БТА банк" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныс тепкен. Кейінірек Ұлыбритания оған саяси баспана берген еді. Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов наурызда апелляциялық шағым жазған. Қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен еді. Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Ол соңғы жылдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басты сыншыларының бірі ретінде танылды. Қазір бизнесменнің қайда екені белгісіз.
XS
SM
MD
LG