Accessibility links

Алматыда белсенділер тұтқындалды


Мұрат Телібеков, "Қазақстан мұсылмандар одағы" ұйымының төрағасы.
Мұрат Телібеков, "Қазақстан мұсылмандар одағы" ұйымының төрағасы.
4 маусымда "Қазақстан мұсылмандар одағы" ұйымының төрағасы Мұрат Телібеков тұтқындалып, сот үкімімен 7 күнге қамалды. Телібековтің ұсталғаны туралы Азаттық тілшісіне Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Телібеков қала тұрғынының жазған шағымы бойынша ұсталған. Шағым жазған азамат Телібековтің "заңсыз өткізетін акцияға шақырғаны" жөнінде айтады. Ұйым төрағасы осы жағдайды "анықтау үшін" ұсталған.

Бұған дейін Мұрат Телібековтің сейсенбі, 4 маусымда Алматы қалалық әкімшілігінің алдында азаматтарды жинап, қала әкімі Ахметжан Есімовпен кездестіруді жоспарлап отырғаны хабарланған. Кездесуде түрлі мәселе айтылмақ болған.

Полиция бұған қоса белсенділер - Ермек Нарымбаев пен Мәдел Исмаиловты та ұстаған.

Ермек Нарымбаев "билік өкіліне қарсылық танытты" деген айыппен 10 күнге қамалды деп хабарлады құқық қорғаушы және журналист Андрей Свиридов пен блогер Дмитрий Щелоков. Олардың сөзінше, Нарымбаев "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деген айыппен 200 долларға жуық айыппұл да төлеуі тиіс болған.

"Табиғат" экологиялық қозғалысының мүшесі Серік Қазақбаевтың айтуынша, Мәдел Исмаилов та осынша айыппұл төлеуі тиіс. Андрей Свиридовтың сөзіне қарағанда, сот "Исмаилов Алматы әкімінің орынан кетуін талап етіп, сұқбат берді" деп мәлімдеген.

Мұрат Телібеков бүгін таңертең үйінен шығып бара жатқанда, ал Ермек Нарымбаев пен Мәдел Исмаилов Алматы қалалық әкімдігі маңында тұтқындалған.
XS
SM
MD
LG