Accessibility links

4 күнде талапкердің 30 пайызы ҰБТ-дан өте алмады


Ұлттық бірыңғай тест тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл.

Ұлттық бірыңғай тест тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл.

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағы өткен төрт күннің қорытындысы бойынша 23 мың 778 талапкер қажетті 50 балды жинай алмай қалды.

Ұлттық тестілеу орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3-6 маусым аралығында өткен тестілеуге 81 мың 931 талапкер қатысқан. Оның 56 мың 184-і қазақ тілінде, 25 мың 747-сі орыс тілінде сынақ тапсырған.

Төрт күннің қорытындысы бойынша сынақта ең жоғары ұпай - 125 баллды 3 талапкер жинаған. 9 мың 204 талапкер 100-ден жоғары балл жинаған.

Ереже бойынша, талапкер білім гранттары мен ақылы негізде оқуға түсу үшін 50 балдан, ал ұлттық университеттерге түсу үшін 70 балдан кем жинамауы керек.

Қазақстан биыл ҰБТ маусымның 3-і күні басталды. Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, биыл 143 мыңнан астам түлектің 100 мыңға жуығы ҰБТ сынағын тапсыруға өтініш берген.

Орта мектепті бітіруші оқушылардың білім деңгейін анықтайтын, осымен оныншы рет өткізіліп жатқан сынақ маусымның 9-ына дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG