Accessibility links

АҚШ пен Қытай басшылары кездесті


АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) мен Қытай басшысы Си Цзиньпин. "Мираж" ранчосы, Калифорния, АҚШ, 7 маусым 2013 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) мен Қытай басшысы Си Цзиньпин. "Мираж" ранчосы, Калифорния, АҚШ, 7 маусым 2013 жыл.

Жұма күні АҚШ президенті Барак Обама осы елге сапармен келген Қытай басшысы Си Цзиньпинмен Калифорния штатындағы "Мираж" ранчосында кездесті.

Ақ үй басшысы Қытайдың "бейбіт жолмен дамып, гүлденуі бұл елге ғана емес, барша әлемге және АҚШ үшін де пайдалы" болатынын мәлімдеді. Ол екі ел арасындағы экономикалық бәсекелестік, зияткерлік меншікті қорғау мен кибер-қауіпсіздік мәселелерінде АҚШ Қытаймен әріптестік қатынасқа мүдделі екенін жеткізді. Бұдан өзге Обама Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы, жойқын қаруды таратпау және ғаламдық ауа-райы сияқты мәселелерді де айтты.

Жалпы стратегиялық және экономикалық мәселелерге қоса президент Обама адам құқығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Қытай басшысы Си Цзиньпин АҚШ пен Қытай қатынастарына "өз халықтармыздың түбегейлі мақсаты тұрғысынан қарап, күш-жігерді адами қарым-қатынастардың жаңа үлгісін қалыптастыруға жұмсау" қажеттігі туралы айтты.

Бұл Цзиньпиннің биыл наурыз айында Қытай президенті болып сайланғаннан бері Обамамен алғаш рет кездесуі.

Бұған дейін АҚШ әскери өкілдері "Қытай АҚШ-тың ақпараттық желілеріне кибершабуылдар жасайды" деген айыптаулар айтқан еді. Қытай бұл айыптаулармен келіспейді.

Қытайдағы адам құқығының жағдайы да АҚШ пен өзге батыс елдері тарапынан сынға жиі алынады.
XS
SM
MD
LG