Accessibility links

Қазақстан Түркиядан туристердің бір тобын елге жеткізді


Анталиядағы жағажай, Түркия. Көрнекі сурет.

Анталиядағы жағажай, Түркия. Көрнекі сурет.

Маусымның 9-ы күні кешке Қазақстанға Түркиядан туристердің екінші тобы ұшақпен жеткізіледі деп хабарлады бүгін Азаттыққа Қазақстан туристік ассоциациясының президенті Роза Асанбаева.

– Кеше төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы 124 адамды Қазақстанға аман-есен әкелді. Бүгін кешке екінші ұшақпен Анталиядан 65 адам Алматыға жетуі тиіс, - деді ол.

Асанбаева Түркияда әлі 600-ге жуық қазақстандық турист қалғанын, оларды маусымның 12-іне дейін елге жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Ассоциация басшысы осы мәселе туралы бүгін кешке Алматы әуежайында брифинг өткізбек.

Сенбі күні Қазақстан үкіметі Түркиядан қайта алмай отырған қазақстандық туристерді елге жеткізу үшін төтенше жағдайлар министрлігінің екі ұшағын жіберетінін хабарлаған еді.

Осы аптада түркиялық Sky Airlines әуе компаниясы банкрот болғанын жариялаған соң оның қызметін пайдаланған мыңнан аса қазақстандық турист Түркиядан елге қайта алмай қалды.

Қазақстан туристік ассоциациясының дерегі бойынша, шетелге демалуға шығатын қазақстандықтардың көбі Түркияны таңдайды. Бірақ биыл жаздағы Түркиядағы толқулар Стамбул және Анкара қалаларына баратындардың азаюына әсер еткенін айтады қазақстандық кейбір туристік ұйымдар.
XS
SM
MD
LG