Accessibility links

Екі Корея өкілдері екі жылда алғаш рет кездесті


Қос Корея арасында шекаралық бекеттердің бірі. 7 маусым 2013 жыл.
Қос Корея арасында шекаралық бекеттердің бірі. 7 маусым 2013 жыл.
Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея өкілдерінен тұратын жұмыс тобы бүгін шекаралық аймақтағы Пханмунджом бекетінде кездесіп, алдағы аптаға белгіленген екі мемлекеттің министрлері кездесуіне дайындыққа қатысты пікір алмасқан.

Бұл соңғы екі жылда қос тараптың ресми өкілдерінің қатысуымен өткен алғашқы кездесу.

Пхеньян мен Сеул бірнеше айға созылған шиеленістен соң өзара келіссөздер жүргізуге уағдаласқан еді. Алайда, маусымның 12-і күні Сеулде өтеді деп жоспарланған министрлер кездесуіне қатысатындар құрамы әлі нақтыланған жоқ.

Бұған дейін Солтүстік Корея билігі Оңтүстік Кореямен өз аумағында бірлескен «Кэсон» индустриалды кешенінің жұмысын жандандыру туралы келіссөздерге дайын екенін мәлімдеген болатын.

Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас былтыр желтоқсанда Солтүстік Корея жасанды жер серігін ұшырып, биыл ақпанда ядролық сынақ жасаған соң нашарлап кетті. Корей түбегі аймағында АҚШ қарулы күштерімен бірлескен жаттығулар өткізген Оңтүстік Кореяға солтүстіктегі көршісі бірнеше рет қоқан-лоқы жасады.

Биыл Солтүстік Корея үшінші рет ядролық қару сынағын өткізген соң БҰҰ оған қарсы қосымша санкциялар салған еді.

Осы аптада Калифорнияда екі күндік бейресми кездесуде АҚШ президенті Барак Обама мен Қытай басшысы Си Цзиньпин Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты Пхеньянға қысымды күшейту туралы келісті.
XS
SM
MD
LG