Accessibility links

Әблязовты қайтару үшін енді не жасалмақ?


Оппозициялық саясаткер және қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов.
Оппозициялық саясаткер және қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов.

Мұхтар Әблязовтың әйелі мен қызын Италиядан депортациялау Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның арасындағы қақтығыстың қаншалықты ушыққанын көрсетеді.

Италия полициясы жүргізген рейд кезінде қуғындағы қазақстандық миллиардер Мұхтар Әблязовтың әйелі мен қызы Римнің шетіндегі вилладан ұсталып, екі күннен кейін Қазақстанға депортацияланды. Әблязовтың отбасы бұл әрекетті «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең тегеурінді қарсыласын бас сауғалап отырған жерінен шығуға мәжбүрлеудің амалы» деп атады.

ТҮРМЕДЕН КЕЙІН ОН ЖЫЛ ӨТКЕНДЕ

Темірдей тәртібімен аты шыққан Державинскідегі түрмеден осыдан 10 жыл бұрын босағанда Мұхтар Әблязов бұдан былай саясатпен айналыспауға уәде берген еді.

Сонау 1990 жылдардағы аумалы-төкпелі заманнан келе жатқан белді олигарх және Қазақстандағы қазіргі оппозицияның жетекшісі, «заңсыз қаржылық істермен айналысты» деген айыппен сотталған Мұхтар Әблязов алты жылдың 10 айын ғана өтеп шықты. Оған осы мерзім де жеткілікті болды. Оны түрмеде ұрып-соғып, карцерге қамағаны, адвокаттарымен жолығуға рұқсат бермегені туралы кезінде талай жазылған.

Мұхтар Әблязовқа президент Назарбаев рақымшылық жасады. «Енді саясатпен айналыспаймын» деген уәде берген ол еркіндікке шығып, бизнеспен айналысуға мүмкіндік алды. Алайда бұл уәдесінде ұзақ тұрмады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 15 мамыр 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 15 мамыр 2012 жыл.
Әблязов соңғы он жылда оппозиция мен тәуелсіз ақпарат құралдарын қаржыландыруға миллиондаған доллар жұмсады. Ол мұны кезінде өзін Қазақстанның экономикалық көгінде жанған жарық жұлдыздардың бірі ретінде саяси сахна төріне шығарған Назарбаевтың билігін шайқалту үшін жасады.

Түрмеден өзі босатқан бәсекелесінің империясын күйрету үшін Назарбаев та аянған жоқ. БТА банкі тартып алынып, Әблязов шетелге қашуға мәжбүр болды. Бизнесменге «алты миллиард долларды жымқырды» деген айып тағылып, Әблязовтың бұл қылмысын Ұлыбритания сотында дәлелдеу үшін жүздеген мың доллар жұмсалды.

Президент Назарбаев қырына ілінген қуғындағы миллиардердің түбіне жетуге біржола бекінгендей. Италия полициясы ұстаған Әблязовтың әйелі мен алты жасар қызы саяси аманат ретінде Алматыға жөнелтілді.

Мұхтар Әблязовтың үлкен қызы Мәдина «Бұлар әкемді қайтарып қана қоймай, тыпыр еткізбей жандарында ұстамақшы. Мұны ерекше атап өткім келеді. Оны кепіл ретінде де ұстағылары келмейді. Кез келген сәтте өлтіріп жіберуі де мүмкін. Президенттің ең қауіпті оппоненті болғандықтан, олар әкемді өлтіргісі келеді» дейді.

ЖҰЛДЫЗДЫ ШОҒЫР ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ

Оңтүстік Қазақстанның тумасы, «физик» деген дипломы бар Мұхтар Әблязов 1998 жылы энергетика, индустрия және сауда министрі болып тағайындалғанда істің ақыры бұлай ушығады деп ешкім ойламаған еді.

20 жас үлкендігі бар Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов пен ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы сияқты жігерлі саясаткерлермен қатар Мұхтар Әблязовқа табиғи ресурсқа бай елді 21-ғасырға жетелейтін ұрпақ деп үміт артты.

Алайда Мұхтар Әблязов және басқалар Нұрсұлтан Назарбаевтың маңайын жайлаған жемқорлыққа көп жылдар бойы наразы болып келді. Ақыры жаңа
Оппозиция қайраткері Алтынбек Сарсенбайұлымен қоштасу рәсімі. Алматы, 15 ақпан 2006 жыл.
Оппозиция қайраткері Алтынбек Сарсенбайұлымен қоштасу рәсімі. Алматы, 15 ақпан 2006 жыл.
оппозициялық қозғалыс құрған олар режимнің қитығына тиіп, қырына ілікті. Мұхтар Әблязов сияқты түрмеге жабылған Ғалымжан Жақиянов рақымшылықтан бас тартты. «Ақ жол» оппозициялық партиясын басқарған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылы өлтірілді.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның төрағасы Евгений Жовтистің айтуынша, бұрын өзінің қанатының астында болғандарға қарсы Назарбаевтың жазалау шаралары әу бастан дербес сипат алған.

– Назарбаев олар өзін сатып кеткендей сезінді. Ол «мен бұлардың байып, атағы шығуына, мемлекеттік қызметте, бизнесте өрлеуіне мүмкіндік бердім» деп есептейді. Бірақ олар сенімсіздік танытты. Әблязовқа 2003 жылы рақымшылық жасап, саясатпен айналыспаймын деген уәдесін алған Назарбаев оның саяси қызметін қоймағанын білгенде өзін екінші рет сатып кеткендей көрді, – дейді Евгений Жовтис.

Ал өзін қашқынға айналдырған Назарбаевқа қарсы күресін жалғастырған Әблязовтың өзіндік себебі бар.

«Елінде саяси қудалануы мүмкін» деп танып, Ұлыбритания 2011 жылы Мұхтар Әблязовқа саяси баспана берді. Бірақ бір жылдан кейін Англиядан да кетіп қалғанына қарағанда, ол активтерім туралы толық ақпарат бермегенім үшін түрмеге түсемін деп қауіптенген сияқты. Лондонның Жоғары соты кредиторлардың қарызын төлеу үшін өткен айда Әблязовтың активтерін сатуға БТА банкіне рұқсат беру туралы қаулы шығарды.

РИМДЕГІ РЕЙДТЕН ТУЫНДАҒАН СҰРАҚТАР

Мұхтар Әблязовтың қайда тұрып жатқаны туралы алып-қашпа сөздердің шыққанына бір жылдан асты. Оның адвокаттарының айтуынша, Римнің шетіндегі виллаға рейдпен барған италиялық полицейлер қуғындағы банкирдің әйелін емес, өзін ұстаймыз деп үміттенген сыңайлы.

Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева қызы Алуамен.
Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева қызы Алуамен.
Италия полициясы мамырдың 29-ы күні түнде жасалған рейдті, Әблязовтың әйелі Алма Шалабаеваны алты жасар қызы Алуамен бірге елден депортациялауды заңды деп мәлімдеді. Қазақстанда Шалабаеваға «жалған құжат жасады» деген айып тағылып, Алматы қаласынан шығуға тыйым салынды.

Мұхтар Әблязовтың адвокаты Риккардо Оливионың айтуынша, Алма Шалабаева мен оның қызының қазақстандық төлқұжаты мен Латвияда алған Еуропа Одағы елдерінде тұруға рұқсат беретін ықтияр хаты болғандықтан, бұл айыптар негізсіз.

Адвокаттың айтуынша, Әблязовтың әйелі мен қызының жанына Қазақстан консулын қосып, чартерлік ұшақпен Рим аумағынан 72 сағат ішінде асығыс шығарып салуы «Италия мен Қазақстан билігінің арасында құпия келісім бар ма?» деген күдік тудырады.

Мұхтар Әблязовтың жақтастарының пайымдауынша, Қазақстандағы энергетикалық жобаларға қомақты инвестиция құйған Италия мен Ұлыбритания бұл қақтығыстан шет қала алмайды. Нұрсұлтан Назарбаевқа кеңесшілік қызмет көрсету туралы 13 миллион доллардың келісім-шартына қол қойған бұрынғы Ұлыбритания премьері Тони Блэр өткен жылы біраз шу көтерген.

Әблязов сияқты сөзі өтімді сыншыдан Назарбаевтың әбден тынышы кеткен сыңайлы. Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, президенттің соңғы қадамына қарағанда, өз қарсыластарының үнін өшіру үшін Назарбаев аянып қалмауға бекінген түрі бар:

«Шетелде оның оппоненттері мен бәсекелестері көп. Олардың ішіндегі ең табандысы және бүкіл режим мен Назарбаевтың өзіне қарсы шығуға батылы жететіні - осы Әблязов. Мейлі, қуғында жүрген біреу болсын, әлдекімнің өз билігіне шәк келтіргені Назарбаевтың қитығына тиеді».

Мақаланы Дейзи Синделар әзірледі.
XS
SM
MD
LG