Accessibility links

Астанада Әблязовты қолдаған белсенділерге ескерту жасады


Италия елшілігі жанындағы акция
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

Италия елшілігі жанындағы акция. Астана, 10 маусым 2013 жыл.

Астанадағы Италия елшілігінің алдына осы елдің үкіметіне хат тапсыру үшін жиналған бір топ белсендіге ескерту жасады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін Қазақстанның бес қаласынан жиналған он шақты азаматтық белсенді Италия үкіметіне хат тапсырмақ болған. Хатта белсенділер Италия билігін қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі мен қызын депортациялаудың қаншалықты заңды екенін тексеруге шақырған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, белсенділер елшілік алдында шамамен бір сағаттай тұрған. Бірақ елшіліктен ешкім шықпаған соң олар "Италия сотына ұят" деген ұрандар жазылған плакат алып шыққан. Бұдан соң алты белсендіні полиция ұстап әкеткен. Бірер сағат ұстаған соң полиция оларға заң бұзғандары туралы ескерту жасап, босатқан.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен оның кәмелетке толмаған қызы Алуа Әблязованың Рим қаласы маңында тұрып жатқан жерінен 1 маусымда Қазақстанға депортацияланғаны хабарланған еді. 3 маусымда бас прокуратура Алма Шалабаевадан Алматы қаласынан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынғанын мәлімдеген.

"БТА банк" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныс тепкен. Кейінірек Ұлыбритания оған саяси баспана берді. Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовты "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов апелляциялық шағым жазғанымен, Ұлыбритания соты шешімді өзгертпеді.
XS
SM
MD
LG