Accessibility links

Стамбулда шерушілер мен полиция қақтығысты


Стамбулда өткен түні демонстранттар мен арнайы полиция жасақтары арасында қақтығыс болды.

Полиция Таксим алаңы мен оған жақын Гези паркінен демонстранттарды қуып шығу үшін су шашып, көзден жас ағызатын газ және резеңке оқтарды қолданды. Шерушілер оларға қарсы тас, жанғыш сұйықтығы бар бөтелкелер лақтырған.

Соңғы хабарларға қарағанда, қақтығыс сәрсенбі таңертеңге дейін жалғасып, бірнеше демонстрант жараланған.

Стамбул мэрі Хусейн Авни Мутлу сейсенбіде Таксим алаңы демонстранттардан тазармайынша полиция арнайы операциясын жалғастыра беретінін мәлімдеді.

11 маусым күні Түркияның арнайы полиция жасақтары Таксим алаңындағы шерушілерді тарату үшін көз ашытатын түтін мен тарсылдақ гранаталар қолданып, су шашқан.

11 маусым күні премьер-министр Режеп Тайып Ердоған осыдан екі апта бұрын басталған наразылық шерулерін бүлікшіл адамдар пайдаланып жатыр деп мәлімдеген еді. Анкарада депутаттар алдында сөйлеген Ердоған шерулерді "Түркияның беделіне нұқсан келтіру мақсатында іске асырыла бастаған жоспар" деп, үкімет қарсылық шерулеріне бұдан ары төзе алмайтынын айтқан.

Үкіметке қарсы шеру 31 мамыр күні Гези паркіндегі құрылысқа қарсы акцияны полицияның күшпен таратуынан басталды.

Содан бері 3 адам қаза тауып, 5 мыңнан астам кісі жарақат алды.

Билікке келгеніне 10 жыл болған Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған мен ол басқаратын "Әділет және даму" партиясы үшін бұл қарсылық шерулері ең басты проблемаға айналды.
XS
SM
MD
LG