Accessibility links

Сноуден: АҚШ үкіметімен соттасуға дайынмын


Эдвард Сноуден, АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің қызметкері. 6 маусым 2013 жыл.
Эдвард Сноуден, АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің қызметкері. 6 маусым 2013 жыл.
АҚШ үкіметінің азаматтарға бақылау жасайтын аса құпия бағдарламасы туралы дерек берген бұрынғы тыңшы Эдвард Сноуден Гонконгта қалып, өзін АҚШ-қа экстрадициялауға қарсы амалдар жасамақ.

Бұл туралы АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден Гонконгта шығатын South China Morning Post басылымына берген сұхбатында айтты. Эдвард Сноуден сұхбатында Гонконгке "соттан жалтару үшін емес, ҰҚА-ның азаматтарға жаппай тыңшылық жасайтын қылмысын ашу үшін" барғанын айтқан.

Сноуден берген құжаттарға сүйенген ұлыбританиялық Guardian мен Washington Post басылымдары өткен аптада АҚШ үкіметінің азаматтарға тыңшылық жасайтын аса құпия Prism бағдарламасы туралы жазған еді. Оның айтуынша, бағдарлама Google, Facebook және басқа да ірі интернет компанияларының серверлерінен АҚШ пен шетелдердегі миллиондаған адамдардың телефондағы жазбалары мен интернеттегі деректерін тікелей ала алады.

АҚШ-тың әділет министрлігі 29 жастағы Сноуденның үстінен қылмыстық тергеу шараларын бастады. Бірақ кейбір ақпараттарға қарағанда, АҚШ үкіметі Гонконгке Сноуденді экстрадициялау туралы сұраныс бермеген.

ҰҚА директоры генерал Кит Александер тыңшылық жасау бағдарламасын қолдануды қорғап мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ҰҚА осы бағдарлама арқылы АҚШ пен шетелдерде ондаған терактінің алдын алған. Бірақ ол конгрес алдында киберқауіпсіздікке қатысты берген есебінде тек екі терактіге қатысты ғана егжей-тегжейлі айтты.

ҰҚА басшысының сөзіне қарағанда, 2009 жылы Ауғанстанда туған америкалық Наджибулла Зази Нью-Йоркте теракт жасамақ болғаны үшін тұтқындалған. Бұдан өзге 2008 жылы Мумбайда (Үндістан) болған террорлық шабуылдарды ұйымдастыруға қатысы бар деген Пәкістанда туған америкалық Дэвид Хэдли ұсталған.

Бағдарламаның әшкере болуы АҚШ пен басқа да елдерде терактінің алдын алуда үкімет жеке адамдардың құқықтарын сақтауы тиіс пе деген мәселеге қатысты дауды қайта көтерді.

АҚШ-тың кейбір конгресмендері Сноуденді сатқын деп айыптап, "ол түрмеде отыруы тиіс" дейді.

Ал Америка азаматтық еркіндік одағы (American Civil Liberties Union немесе ACLU) АҚШ үкіметін құпия бағдарламаны қолданғанына қатысты сотқа берді.

Сноуден Гонконгте тоқтаған қонақүйден 10 маусымда кетіп қалған еді. Содан бері оның қайда екені белгісіз.

Ол South China Morning Post-қа берген сұхбатында өзін "ешқандай сатқын да, қаһарман да емеспін, тек америкалықпын" деп атады. Ол Гонконгта қалып, АҚШ үкіметімен соттасуға дайын екенін, Гонконгта заң үстемдік ететініне сенетінін айтады.

Эдвард Сноуденнің сөзіне қарағанда, ҰҚА бүкіл әлемде 61 мыңнан астам хакерлік операциялар жасаған, арнайы қызмет ол операциялар барысында жүздеген мың адамның жеке компьютерлерін бұзып кірген.

Бұрынғы тыңшы АҚШ үкіметі Қытай мен Гонконгтың жүздеген азаматтарына да кибершабуыл жасағанын да айтады.

Гонконг - бұрын Ұлыбританияның отары болған, қазір Қытай құрамындағы арнайы әкімшілік аймақ. Ол 1997 жылы Қытайдың басқаруына қайтарылғанымен, дербес сот жүргізу жүйесін сақтап қалған. Бірақ коммунистік Қытай үкіметі аймақтың сыртқы саясатын, оның ішінде экстрадициялау мәселесін көбіне өзі шешіп отырады.
XS
SM
MD
LG