Accessibility links

Иран сайлауында Хассан Роухани алда келеді


Президент сайлауында сайлау учаскесіне дауыс беруге келген адамдар. Тегеран, 14 маусым 2013 жыл.
Президент сайлауында сайлау учаскесіне дауыс беруге келген адамдар. Тегеран, 14 маусым 2013 жыл.
Иран ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, президент сайлауының алдын ала нәтижелері бойынша Иранның ядролық бағдарламаларына қатысты бұрынғы келіссөздерін жүргізген Хассан Роухани өзге бес кандидаттан алда келеді. Бірақ ол президент болуға қажетті көпшілік дауысты жинай қоймады.

Ішкі істер министрі Мохаммад Наджардың айтуына қарағанда, жұма күнгі дауыс берудің алдын ала нәтижелеріне сай Тегеран мэрі Мохаммад Бакер Халибаф екінші орында тұр. 50 миллионға жуық сайлаушының 70 пайыздан астамы дауыс беруге қатысқан. Сайлау учаскелерінде дауыс беру белгіленген уақыттан бес сағатқа кеш аяқталды. Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, сайлаушылар дауыс беріп үлгірмегендіктен дауыс беру уақыты төрт рет ұзарған.

Президент сайлауына бұл екеуінен өзге төрт кандидат түсті. Олар - ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді жүргізуші Саид Жалили, Аятолла Әли Хаменеидің халықаралық істер бойынша кеңесшісі Әли Акбар Велаяти, сақшылар корпусының бұрынғы командирі Мохсен Резаи және бұрынғы телекоммуникация министрі Мохаммад Гарази.

Егер бұл жолғы сайлауда ешбір кандидат президент болуға қажетті көпшілік дауысты жинай алмаса, өзгелерінен ең жоғары дауыс алған екі кандидат 21 маусымда сайлаудың екінші кезеңіне қатысады.

Бұл сайлауда жеңіске жеткен кандидат президент қызметін екі мерзім қатарынан атқарған Махмуд Ахмадинежадты алмастырады.

Бұған дейінгі президент сайлауында оппозиция дауыс беруде бұрмалаушылықтар болғанын мәлімдеп, наразылық шерулеріне шыққан еді. Бірақ Иран үкіметі наразылық танытушыларды басып-жаншыған.
XS
SM
MD
LG